Жергілікті әкімдіктердің білім беру гранттарына өтініш қабылдау басталды

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Биыл жергілікті атқарушы органдар 2392 білім беру грантын бөлді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жергілікті атқарушы органдар бөлетін мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жыл сайын әкімдіктер өңірлер үшін сұранысқа ие және басым бағыттар бойынша кадрларды мақсатты даярлауға білім беру гранттарын бөледі.

Биыл жергілікті атқарушы органдар (бакалавриат, магистратура, резидентура бағдарламалары бойынша) оқуға 2392 білім беру грантын бөлді.

  • Ең көп грантты Астана қаласының әкімдігі – 303;
  • Шымкент қаласы – 285; 
  • Шығыс Қазақстан облысы – 270;
  • Батыс Қазақстан облысы – 211;
  • Абай облысы мен Түркістан облысы – 200;
  • Ақмола облысы – 199;
  • Қарағанды облысы – 198;
  • Атырау облысы – 187;
  • Маңғыстау облысы – 163;
  • Қалған өңірлердің әрқайсысы 100-ге жуық грант ұсынды.

Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер өздері таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруі қажет. Өтінішке білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, сондай-ақ жеңілдік санатын растайтын құжаттар (бар болған жағдайда) қоса тапсырылады.

Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан және жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Білім беру гранттарын беру туралы шешімді тиісті әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.

Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік білім беру грантының иегерлері анықталды