Жетісайдағы өрттен зардап шеккен баланың жағдайы өте ауыр екені айтылды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Өрт салдарынан 12 адам қаза тауып, үшеуі жарақат алған еді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысындағы өрттен аман қалған баланың жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Сенат кулуарында мәлімдеді.

Айта кетейік, 18 қарашада өңірдегі Алғабас ауылында болған өрт салдарынан 12 адам қаза тауып, үшеуі жарақат алған еді.

«Екі ересек адамның жағдайы бүгінгі таңда тұрақты. Барлық зардап шеккендер Шымкентке ауыстырылды, қажетті көмектің бәрі көрсетіліп жатыр. Ал баланың жағдайы өте ауыр», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, балаға көмек көрсету үшін Алматыдан арнайы мамандар тартылған.

«Олар үнемі кеңес беріп отыр, емді қайта қарап, жағдайды бағалады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап отыр», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Еске салайық, 18 қараша күні таңертең Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үйде өрт шыққан. Өртті сөндіру және барлау кезінде үйден ес-түссіз жатқан үш адам шығарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылған. Үйдің ішінен 12 адамның, соның ішінде тоғыз баланың мәйіті табылды.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысындағы трагедия: ТЖМ өрттің ықтимал себебін атады

Новости партнеров