Коммуналдық мекеменің екіншісі қызметкері ауруханаға жеткізілді
Жезқазғанда кәріз құдығын тазалау кезінде бір жұмысшы қайтыс болды. Ал коммуналдық мекеменің екіншісі қызметкері ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қайғылы оқиға кеше кешке Абай мен Чехов көшелерінің қиылысында болған. Алдын ала мәлімет бойынша «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының» қызметкерлері кәріз желілерін тазалап жатқан кезде құдық ішінен газ шыққан. Салдарынан 44 жастағы жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. Ал 40 жастағы екінші қызметкер медициналық мекемеге жеткізіліпті. Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккен азаматқа «кәріз коллекторынан тараған улы газбен жедел ингаляциялық улану, есінен тану белгілері және гипоксиядан кейінгі жағдай» диагнозы қойылған. Науқастың жағдайы тұрақтанған соң нефрология бөліміне ауыстырылыпты. Аталған дерек бойынша Жезқазған қалалық полиция басқармасы «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Ұлытау облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Сезім Қасымова.
Оқи отырыңыз: Уәде емес, нәтиже керек: ұлытаулықтар созбалаңға салынған жол жөндеу жұмысына наразы