Облыс аумағында 70 қауіпті учаске белгіленген
Атырауда шомылу маусымы әлдеқашан басталса да, тұрғындар суға түсе алмай әлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шілденің шіліңгір ыстығында Жайыққа барып, жанына сая іздейтіндердің қарасы қалың. Бірақ өңірде демалушылар үшін бірде бір орын дайын емес. Сондықтан көпшілік амалсыздан рұқсат етілмеген орындарда шомылуға мәжбүр.
«Шомылу маусымы да уақытында басталған жоқ. Былтыр да осылай болған. Жағажайлардың жағдайы да мәз емес. Отбасымызбен келіп демалайық десек, ешқандай мүмкіндік жасалмаған. Әкімдік тарапынан осыны ұйымдастырса дейміз», – деді қала тұрғыны.
«Жайық бар, бірақ суға түсуге рұқсат жоқ. Жаздың ортасы болды. Қайда барады адамдар? Аптап ыстықта бос уақытыңда демалғың келеді», – деді қала тұрғыны.
Қазір қаладағы жағажай аумағы қазылып, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр-мыс. Әкімдіктегілердің сөзінше, биыл екі демалыс орны сенімгерлік басқаруға берілген. Ал өзге жағажайларда қолайлы жағдай шілде айының соңына дейін жасалмақ.
«Бүгінде екі жағажайға тендер жарияланды. Мамырда байқауға ешкім қатыспаған», – деді қалалық қаржы бөлімінің бас маманы Гүлсара Жарылғапова.
Аптап ыстық пен аңызақ желден көз ашпайтын атыраулықтар қысқасы, жақын уақытта жағажайда демала алмайтын болды. Өйткені облыстағы 46 белгіленген орынның бірде біреуінде суға түсуге рұқсат жоқ. Аймақта төтенше жағдай режимі әлі сақталған. Сондықтан мамандар тәулік бойы су айдындарын бақылап, жұмысты күшейтті.
«Жағажайларда юалалар көп жереді. Облыс аумағында 70 қауіпті учаске белгіленген. Аталған аумақтарда жалпы саны 266 ескерту белгісі орнатылған. Онда суға түсуге болмайды», – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Жантөре Демешов.
Төтеншеліктер қанша ми қайнатар ыстық болса да қауіпті жағажайларға аяқ баспаңдар деп отыр. Ал синоптиктер аптап ыстық шілденің соңына дейін сақталатынын айтты.
Жұлдыз Қайратқызы Атыраудан
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысындағы жағажай неге ластанған