"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы еліміздің барлық аймағында жүзеге асып жатыр
Түркістанда «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Мектепке балаларды қабылдап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2000 орынға лайықталған жаңа мектепті тұрғындардың асыға күткені жасырын емес. Солардың бірі - Айнұр Омарова. Ол қызының құжатын өткізіп, көңілі жайланғанын айтты. Өйткені бұған дейін тұтас шағынаудан жұртының шағымы да, уайымы да аз емес еді. Енді мәселенің бәрі шешімін тапқан.
"Төрт этажды ішін көріп, аралап шықтық. Балаларға жағдайдың барлығы жасалған. Жастар – біздің болашағымыз. Балалар неғұрлым жақсы жерде оқып, білім алғанын қалаймыз", – деді қала тұрғыны Айнұр Омарова.
Жайлы мектепте балалардан бөлек, ұстаздар мен қызметкерлерге де бар жағдай қарастырылған. Ғимарат заман талабына сай жабдықталған. Пәндік кабинеттер кең, әрі арнайы құрылғылармен қамтамасыз етілген. Ал білім ордасы бейнебақылау жүйесіне қосылған. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі үшін жоғарғы және бастауыш сынып оқушылары әртүрлі блокта оқиды.
"Балалардың қауіпсіз, алаңсыз ортада білім алуы үшін заманауи үлгідегі бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етілген. Бастауыш және жоғары сынып оқушыларына бөлек спортзал қарастырылған. Балалардың сабақтан кейінгі уақытын тиімді пайдалану үшін қосымша білім беру мақсатында робототехника кабинеті, зертхана, би алаңы, көрнекі өнер кабинеттері қарастырылған", – деді №32 жалпы білім беретін мектептің директоры Айгүл Бабашева.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамасына негізделген "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы еліміздің барлық аймағында жүзеге асып жатыр. Соның негізінде 369 білім ошағы пайдалануға беріледі. Оның 63-і Түркістан облысында салынады.
Нұркен Әкімхан, Түркістан
Оқи отырыңыз:Орта дәліз: Құрық портында жүк тасымалы артып келеді