Білім бөлімі қызға психологтар көмектесіп жатқанын хабарлады
Жамбыл облысы Байзақ ауданында 9-сынып оқитын 14 жастағы оқушы қыздың жүкті екені белгілі болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Қыздың сырт келбетінен өзгерістер байқаған анасы оны дәрігерге апарып, ультадыбыстық зерттеуден өткізген. Соңында диагноз расталды. Бұған дейін жасөспірім әкесімен бірге тұрған, ал анасының басқа отбасы бар. Қазір ол көрші ауылда тұратын анасының қасына көшіп барған.
«Жүкті екені анықталған соң, қызды медициналық есепке қойып, бұл жағдайды мектеп те білген. Осыдан кейін жасөспірімдердің ата-аналары түсініктеме беруге шақырылды», - делінген хабарламада.
Білім бөлімі қызға психологтар көмектесіп жатқанын, оның жағдайын мамандар бақылап отырғанын хабарлады. Сондай-ақ болған оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтау үшін құзырлы органдар тергеу жұмыстарын бастады.
Ведомство өкілдері ауданда ерте жүктіліктің алдын алу бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын, әрекетсіздік туралы тараған қауесеттер шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда кеншілер қанша табыс табады