Жамбыл облысында шегіртке шектен тыс таралуы мүмкін: мамандар дабыл қақты

08.05.2025 19:37

Жауаптылар дәрілеу жұмыстарын шілде айының аяғында аяқтамақ

Биыл Жамбылда үйірлі шегіртке шектен тыс таралуы мүмкін. Аймақтағы фитосанитарлар осылай деп дабыл қағып отыр. Мамандар мұны 7-8 жылда қайталанатын табиғи құбылыс дейді. Сәйкесінше, өңірдегі 107 мың гектардан асатын аумаққа зиянкестер тарады деген болжам бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Кенен Дүйсенбековтың шегірткені зерттеп жүргеніне 20 жылға жуықтаған. Фитосанитар биыл аймақта марокколық шегіртке мен италиян прусының таралуы шегіне жетуі мүмкін, деген болжамын айтуда. Мәселен биыл жауаптылар мәліметінше, үйірлі шегірткенің таралу аумағы 107 мың гектардан асқан. Маман бұл жерлерді дер кезінде дәрілемесе қауіп артуы мүмкін дейді.

«Бір шегіртке бір жұмыртқалағанда, 35-40 данаға дейін дернәсіл шығады. Химиялық өңдеу жұмыстарын сол дернәсілдер кем дегенде 3-жасқа жеткенше аяқтауымыз керек. Таралу мерзімін осы уақытта тоқтатуымыз керек. Қанаттанып ұшса, күресу жұмыстары өте қиын болады», - деді фитосанитар Кенен Дүйсенбеков.

Зиянкестердің таралу аумағы биыл Байзақ ауданында 20 мың гектардан асқан. Бұл былтырға қарағанда 3 мыңға көп. Жалпы облыста үйірлі үш түрлі шегіртке кездеседі екен. Аумақтың инспекция мамандары қазір олардың жаппай таралуын болдырмас үшін барлық ауданда химиялық өңдеу жұмыстарын бастаған.

«Жамбыл облысында қазір химиялық өңдеу жұмыстарының барлығы қатаң бақылауда. Ешқандай қауіп жоқ. Химиялық өңдеу жұмыстары дер кезінде жүргізіліп жатыр. Техниканың барлығы жеткілікті. Бұл 107 мың гектарға 36 техника жұмылдырып жатыр. Оның ішінде 31 жерүсті бүріккіш техникасы, 2 әуе ұшағы, 3 дрон жұмылдырылды», - деді аумақтық инспекцияның бөлім басшысы Сәбит Жүсіпов.

Жауаптылар дәрілеу жұмыстарын шілде айының аяғында аяқтамақ. Химиялық өңдеуге 8 тоннадан аса химикат пайдаланылады. Инспекция мамандары бұл көлем 100 мың гектардан аса аумаққа жеткілікті дейді.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы үшін Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Пәкістан мен Үндістанда жүрген қазақстандықтар эвакуациялана ма - СІМ жауабы