Жамбыл облысында «Терісащыбұлақ» су қоймасы тозып, үгітіле бастаған

Негізгі ауқымы 158 млн текше метр болғанымен, қазір су деңгейін 145 млн текше метрден асыруға болмайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында екі ауданның шаруаларын суармалы сумен қамтып отырған «Терісащыбұлақ» қоймасы тозып тұр. Тіпті 7 жыл бұрын сараптама жүргізген мамандар жарықшаларды байқаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тау етегінде орналасқан «Терісащыбұлақ» су қоймасы 1963 жылы қолданысқа берілген. Салынғалы 60 жылдан асса да әлі күнге күрделі жөндеу жасалмаған. Негізгі ауқымы 158 млн текше метр болғанымен, қазір су деңгейін 145 млн текше метрден асыруға болмайды. Себебі жасанды су жинақтағыштың бетондары тозып, үгітіле бастаған. Су тоспалары да кеңестің кезеңнен бері ауыспаған. Мамандар тек жөндеп, жұмысқа жаратып отыр. Бұған дейін Президент осындай стратегиялық нысандардың 60%-ның тозып тұрғанын сынға алған. Ал ғалымдар «жаңғыртып қана қоймай, жаңа технологияны енгізу керек» дейді. 

 «Біз түбегейлі жөндеу жұмыстарын жасауымыз керек. Әлемдік стандартта ол –автоматтандырылған түрде суды бөлістіру, оны сандық негізге ауыстыру. Өйткені спутник арқылы не болмаса қашықтан зерделеу арқылы судың деңгейін өзгеруі, судың астында болып жатқан тұнбалардың жинағын сандық түрде мәліметтерді алып, бақылап отыруымыз керек», – деді Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ғылыми қызметкері Ғалия Омарова.

Аймақта 5 мыңға жуық шаруа бар. Олар 80 мың гектар егістікті пайдаланып отыр. Қожалықтар суармалы судың 80 процентін Қырғызстаннан алады. Ал аймақта 7 ірі су қоймасы болғанымен, бүгінге дейін біреуі ғана күрделі жөндеуден өткен. Сондықтан жауаптылар келесі жылы бірден екі су құрылымын күрделі жөндеуден өткізбек.

«Қажетті жобалық көлеміне жетпейді, су жинай алмаймыз. Инженерлік-техникалық қамтамасыздандыруға сәйкес, аталған су қоймада құлақтандыру, бейнебақылау жүйесі, қоршау жұмысы, жарықтандыру секілді жұмыстар жүргізіледі. Ылғалдылығын тексеріп отыру үшін дамбаға қаншалықты фильтрация кіріп жатқанын анықтайтын физометрлік скважиналар қазылады. Одан кейін автоматтандыру жүйесі жүргізіледі», – деді  «Қазсушар» РМК филиалы пайдалану бөлімінің басшысы Әлішер Өсербаев.

Жамбыл облысында келер жылы 3 жаңа су қоймасының құрылысы басталмақ. Бірі Талас пен Байзақ аудандарының шаураларын сумен қамтыса, қалған екеуі Қордай ауданында салынады.  Су нысандары пайдалануға берілсе 40 мың гектарға жуық алқап тіршілік нәрімен қамтылады. 

Нұрғиса Қаржаубай Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Оқырман санын көбейтеміз: жалған ақпарат таратқан 3 жеткіншек ұсталды

Новости партнеров