Жамбыл облысында заңсыз жұмыс істеген Қытай азаматтары анықталды

08.10.2024 16:30

Олар Сарысу ауданында түрік инвесторлары салып жатқан зауытта жұмыс істеген

Жамбыл облысында 119 Қытай азаматы жұмыс визасынсыз жүрген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар Сарысу ауданында түрік инвесторлары салып жатқан зауытта жұмыс істепті. Шетелдіктердің заңнаманы өрескел бұзғанын аудандық Көші-қон қызметі мен Полиция департаменті және Ұлттық қауіпсіздік комитеті анықтапты. Кейіннен белгілі болғандай, кәсіпорын басшылығы турист ретінде келген қытайлықтарды жұмысқа ала берген. Әзірше Сарысу аудандық соты ҚХР 16 азаматын елден әкімшілік жолмен шығару туралы шешім қабылдады. Қалған азаматтарға қатысты заңды шешім қарастырылуда.

"Рейдтік жұмыстар нәтижесінде Сарысу ауданына қарасты Сорбұлақ тас жолы бойында орналасқан «Қазақ сода» кәсіпорынында жұмыс істеп жүрген 119 ҚХР азаматының құжаттары тексерілуі үшін аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда құжаттары тексеруден өткен азаматтар жұмыс орындарына қайтарылды"– деді Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов.

Оқи отырыңыз: Баланың еміне ақша жинаймын: Шымкентте 23 жастағы алаяқ ұсталды