Жамбыл облысындағы алтын ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді

19.06.2025 15:10

Жамбыл облысындағы «Ақбақай» кен орнында алтын ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның құрамында жергілікті тұрғындар, комбинат пен күзет қызметінің адамдары болған. Күдіктілер заңсыз алтын өндіріп, өңдеп, тасымалдаған. Топ ұйымдастырушысы мен оның сыбайластарын ұстау бір мезгілде елдің төрт өңірінде жүргізілген. Нәтижесінде 50-ден астам адам ұсталған. Олар кәсіпорынға 400 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

«Шамамен 6 кг алтын тәркіленді, кен өңдейтін 8 жасырын цех жойылды. Қылмыстық іс бірнеше бап бойынша, соның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу фактілері бойынша тергелуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді. Алтын контрабандасының арналары, өзге де көлеңкелі айналымдар және түпкілікті бенефициарларды анықтау бойынша жұмыс жалғасуда», – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Оқи отырыңыз: Назарбаев университетіндегі студент өлімі - министр түсініктеме берді