Сенат төрағасы өз таңдауын жасады
Референдум – елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға арналған іс-шара. Осылай деген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елордадағы №164 учаскеде өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ол атом электр стансасын салу бойынша референдумның маңызды екенін айтып, жалпыұлттық дауыс беру арқылы елімізді демократиялы, әділетті мемлекет ретінде қалыптастыруға өз үлесімізді қосамыз дейді.
«Кез келген саяси шешім Қазақстанды толыққанды дамыған демократиялық мемлекет ретінде қалыптастыруға бағытталып жатыр. Президентіміздің барлық реформасы осы мақсатқа жұмыс істеп жатыр», - деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Ал Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Астанадағы №163 учаскеде дауыс берді. Палата төрағасы елдің болашағына қатысты маңызды шешімді халық референдум арқылы қабылдап жатқанын айтып, бұл азаматтардың саяси өзгерістерге белсене атсалысуының белгісі деді.
«Ең негізгісі – шешімді халық қабылдап отыр. Осыған дейін Конституциялық реформаны қабылдадық. Бұл реформаның негізгі мақсаты қандай? Осы тұрғыда әр адамның мемлекеттің саяси өміріне емін-еркін араласуына барынша екпін қойылды. Бүгін соның нақты көрінісін байқап отырмыз», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.
Оқи отырыңыз: Референдумда қазақстандықтардың 39 пайызы таңдау жасап үлгерді