Жергілікті бюджеттен 400 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген
Жаңаөзенде апатты үйде тұратын азаматтар облыс әкімдігінің алдында жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әуелі баста жаңаөзендіктерге жаңа пәтер алу үшін жергілікті бюджеттен 400 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Шенділер ол ақшаға тұрғындарға пәтер алып беруі керек болған. Алайда жаңаның орнына сапасыз үйді беріп құтылмақшы, дейді шағым айтып жүргендер. Әкімдіктің алдына жиналудың да басты себебі сол екен.
«Үйіміз деген апатты жағдайда деп танылды. Жалға алған пәтерге ақша төлеп отырасыңдар дейді. Біз оған келіспейміз», – деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Айман Жарылғасова
«Салып жатқан үйлер сапасыз. Себебі үшінші сорт таспен қалап, сынған тастарды салып, сыртын майлап тастады», – деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Бекболат Базаров
Апатты деп танылған үйлерде 32 пәтер бар. Ал жаңа баспанаға ие болу үшін бұған дейін мемлекеттік сатып алу жүйесінде үш рет конкурс өткізіліпті, бірақ жеңімпаз анықталмаған. Баспана мәселесінің кешігуіне осы себеп көрінеді. Тұрғындармен кездескен шенділер оларға жаңа пәтердің кілті биыл қолға тиеді деп уәде берді.
«1 қаңтардан бастап тұрғын үй қарастыру заңына өзгерістер енгізілді. Соған байланысты тұрғын үйге кірген кезде пәтерлерді жекешелендіруге болмайтын, ал қазір қалдық құнымен алуға болады», – деді Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев.
Елдегі заңнамаға сәйкес, егер үй апатты деп танылса, тұрғындар жаңа тұрғын үйге көшуге немесе ақшалай өтемақы алуға құқылы. Сонымен қатар Конституцияның 26-бабында ешкімнің өз мүлкінен сот шешімінсіз айырыла алмайтыны анық жазылған. Ал жаңаөзендіктердің жаңа баспанаға қол жеткізуі - әзірге күрмеуі қиын күрделі мәселе болып тұр.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Елімізде жас жұптардың 5 пайызы материалдық жағдайын жақсарту мақсатында үйленген