Жапондық ғалымдар отандық күріш сұрыптарына қызығушылық танытуда

13.09.2025 13:02

Институт ғалымдары селекциялық жұмыстардың нәтижесінде күріштің тағы бір сұрпын шығарған

Жапондық ғалымдар отандық күріш сұрыптарына қызығушылық танытып жатыр. Күншығыс елінің өкілдері Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының егіс алқабына арнайы келіп, сынама алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күріш – жапондықтардың негізгі тағамдарының бірі. Сондықтан дақылға сұраныс жоғары. Бірақ соңғы жылдары күншығыс елінде де қуаңшылық салдарынан егіс алқабы қысқарып, өнім көлемі едәуір азайған. Жапондық ғалымдар сондықтан суды аз қажет ететін әрі тез пісетін күріш түрін шығаруды көздеп отыр.

«Жапонияда күріш көп егіледі. Алдағы уақытта егіс алқаптарымызды  ұлғайтып жаңа сұрыптарын ексек деген жоспарымыз бар. Сол мақсатта сіздердің тәжірибелеріңізді көріп, осындағы күрішті зерттегіміз келеді. Жапонияда қазір күріш өсіру ісін қаржыландыру қайтадан қолға алынып жатыр. Селекциялық жұмыстар күріштің өнімділігін арттыруға өте маңызды», – деді профессор Танака Кацунори.

Институт ғалымдары селекциялық жұмыстардың нәтижесінде күріштің тағы бір сұрпын шығарған. Бұл жаңа түр жергілікті климатқа бейімделген. Әрі суды аз қажет етеді. Дақыл мемлекеттік сұрыптарды сынау инспекциясына ұсынылады.

 «Ерекшелігі өсу кезеңі 110 күннен аспайды. Біз су үнемдеу керек деп жатырмыз. Лидер сортымен салыстырғанда 15-20 күн ерте піседі. Өнімі жағынан да бір масақтың ішінде 130-140 дән болады. Мың дәннің массасы да лидерден кем емес», – деді Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Лаура Тохетова.

«Алқапта 4-5 жылда жаңа сортт шығарып келеміз. Сыр сұлуын 240 га жерге егіп, жақсы өнім алып, бүкіл облысқа таратамыз деген жоспарымыз бар», – деді Ы. Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғзи басқарма төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев.

Шаруашылық иелері көбіне шетелдік сорттарға қызығады. Мамандардың айтуынша, сырттан келген күріш жергілікті жерге бейімделіп, жоғары өнім беруі екіталай. Оны тәжірибе жүзінде сынақтан да өткізген. Мәселен қытайлық күріш сұрпы түптену кезеңінде тұр, әлі бас алмаған. Қазір институттың селекциялық тәлімбағында күріштің он шақты түрі сынақтан өтіп жатыр. Олар  шаруашылықтарға сынақтан өткен соң ғана ұсынылады.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Тамыры терең театр:: Алматыда Қуыршақ театры 90 жылдығын атап өтті