Жас ғалым: Маңғыстауда 5 ғалымның жұмысы грантқа ие болды

Ұлттық ғылыми кеңес 149 миллион теңге  бөлген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстауда 5 ғалымның жұмысы үзік деп танылып, грантқа ие болды. "Жас ғалым" жобасы аясында қолдау көргендерге Ұлттық ғылыми кеңес 149 миллион теңге көлемінде қаражат бөлген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ғылыми жобаны Есенов университетінде геология және барлау мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғап жатқан Жанна Бекешова әзірлеген. Ол Маңғыстауда Солтүстік Үстірт аумағында жүргізілген геофизикалық зерттеулердің нәтижелеріне сүйеніп, геологиялық құрылымдарды, олардың құрамын зерттемек. Осы мақсатта 30 миллион теңге бөлініпті.

"Жобамның мақсаты – Солтүстік Үстірт аумағында жаңа кен орындарын ашу. 2016 жылдан бастап аумақтагеофизикалық зерттеулер жүргізілген. Сол геофизикалық зерттеулердің нәтижелерін қолдана отырып, осы жоба арқылы жаңа бағыттарды анықтаймыз. Қай жерде геологиялық құрылымдар бар екенін және олардың құрамын стратеграфиялық, литологиялық зерттеу жүргіземіз", – деді ғылыми жетекші Жанна Бекешова.

«Жас ғалым» жобасының мақсаты – жоғары білікті және бәсекеге қабілетті зерттеушілерді қалыптастырып, талантты жастарды ғылымға тарту. Грант бөлінген жобалардың барлығы да өңір үшін маңызды. Асия Боранбаева Маңғыстауда құрамында литий бар табиғи және сарқынды сулардың иондық-тұзды құрамдарын зерттеу әрі литийдің өнеркәсіптік көзін анықтауды мақсат еткен. Ал университеттің ғылыми қызметкері Елдар Букаев болса "Жаңа құрылыс материалдарында әктас жыныстарының кесілген тастарын өндіру, әрі оның қалдықтарын пайдалану арқылы қоршаған ортаға әсерді азайту" мәселесін қарастырмақ.

"Мемлекет тарапынан жас ғалымдарға көптеген қолдау көрсетіліп жатыр. Жобаны жеңу арқылы менің соған көзім жетті. Жас ғалымдар үшін осындай шетелдерде тағылымдамадан өту зор мүмкіншілік береді, білімді шыңдаймыз", – деді  ғылыми жетекші Елдар Букаев.

«Жас ғалым» жобасы аясында бұған дейін де 7 жобаның мақұлданып, жүзеге асырылып жатқанын атап өту қажет. Аталған ғылыми жұмыстардың аясында да өңірдің неғұрлым өзекті мәселелері қарастырылып жатыр.  

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Ауыл – ел бесігі: Түркістан облысындағы ауыл тұрғындарының талабы орындалды

 

Новости партнеров