Жас құтқарушылар: Алматыда мектеп оқушылары арасында сайыс өтті

14.05.2025 19:44

Қаланың 8 ауданынан жиналған 24 команда төтенше жағдайларда әрекет ету дағдылары бойынша бақ сынады

Алматыда мектеп оқушылары арасында «Жас құтқарушылар» сайысының финалдық кезеңі өтті. Қаланың 8 ауданынан жиналған 24 команда төтенше жағдайларда әрекет ету дағдылары бойынша бақ сынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Арқанмен өткелден өту, алғашқы көмек көрсету сияқты тапсырмаларды орындаған қатысушылар шынайы құтқарушыдай әрекет етті.

Биылғы дода ерекше басталды. Жарыстың ашылу сәтінен-ақ алаңда қызу дайындық пен серпін сезілді. Командалар алдымен өздерін таныстырып, артынша бірден сегіз түрлі кезеңнен тұратын сайыс тапсырмаларын орындауға кірісті. Жас құтқарушылар өрт сөндіру құралдарын дұрыс пайдалану, батпақты жерден өту, жартаспен түсу, арқан көпір арқылы өзеннен өту сынды күрделі жаттығуларды орындады.

Жас қатысушылар зардап шеккен азамат немесе азаматшаны белгіленген орынға жеткізеді. Мұнда командалық үйлесім мен бірін бірі қолдау өте маңызды.

«Бұл жарыс өте жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Барлық мектептен мықты-мықты балалар келген. Қаладан өтсек, республикаға барып, сол жерден орын алсақ деген мақсатымыз бар. Жарыстың ұйымдастырылуы да, барлық сынағы да өте жақсы болды», – деді №141 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Бексұлтан Мирасұлы.

Айта кету керек, «Жас құтқарушы» сайысы елімізде 2006 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Аудандық додада 800-ден астам қатысушы тіркеліп, 80 үздік құрама бақ сынаған. Соның ішінен қалалық финалға 24 команда ғана жолдама алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстар жасөспірімдерді шынайы өмірде туындайтын төтенше жағдайларға дайындауға бағытталған.

«Негізгі бүгінгі іс-шараның мақсаты –жас ұрпақ, өзіміздің артымыздан өсіп келе жатқан ұрпаққа өмірдегі қауіпсіздік негіздерін насихаттау. Биыл Алматы қаласы бойынша 18 рет «Жас құтқарушылар» слеті өткізіліп жатыр. Барлық ауданнан мектебінен 200 жуық оқушы қатысуда», – деді ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері Біржан Серікбай.

Финал соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ал үздік команда бағалы кубокқа ие болып, маусым-шілде айында Көкшетау қаласында өтетін республикалық слетте Алматының намысын қорғайтын болады.

Мәди Мәлік. Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Жәндіктер әлемі: бүлдіршіндер экологиялық сауатын арттырды