Сайыста Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстан командасы бақ сынады
2025 жылғы 8-16 шілде аралығында Минск облысындағы «Зубренок» ұлттық балалар білім беру сауықтыру орталығының базасында (Беларусь Республикасы) Жас өрт сөндіруші-құтқарушылардың XVIII халықаралық слеті өтті, деп хабарлайды Almaty.tv
Бұл іс-шараға бес елдің командасы қатысты: Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстан.
Қазақстанның атынан Шымкент қаласынан келген «Жас құтқарушылар» командасы қатысты. Жас құтқарушылар жоғары дене даярлығын көрсетіп, табандылық пен тапқырлық танытты.
Сегіз күн бойы қатысушылар «Арқан қалашығы», «Өрт эстафетасы», «Спортландия», «International Talents 4 Safety», «Судағы эстафета», «Визит карточкасы», «Алғашқы көмек» және басқа да түрлі конкурстық сайыстарда бақ сынасты.
Табанды сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар былайша бөлінді: 1-орын – Беларусь Республикасының командасы; 2-орын – Ресей Федерациясының командасы; 3-орын – Қазақстан Республикасының командасы.
Слетке қатысу спорттық және зияткерлік қабілеттерін көрсету мүмкіндігі ғана емес, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды оқытудағы, құтқару ісінің негіздерін игерудегі және ой-өрісін кеңейтудегі маңызды қадам болды. Балалар құнды тәжірибе алып, халықаралық байланыс орнатты, басқа елдердің мәдениетімен жақынырақ танысты.
Оқи отырыңыз: Алматыда үй жануарларын тегін чиптеу бағдарламасы басталды