Министрлік жедел жәрдем қызметкерлерін қорғауды ұсынды
Жедел жәрдем қызметкерлеріне бейнежетондар берілуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомство басшысы жедел жәрдем қызметкерлеріне күш көрсетіп, шабуыл жасайтындардың көбейгенін алға тартып, оларға жауапкершілікті арттыру керек деп отыр. Сондықтан министрлік оларды қорғауды ұсынды. Оны Мәжілістің әлеуметтік комитеті қолдап отыр. Қазір мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр. Ақмарал Әлназарова бұл норма 2025 жылы енгізілуі мүмкін екенін айтты.
"Бұл мәселені кеше ғана барлық жедел медициналық көмек ұйымдарының басшыларымен талқыладық. Біз құқық қорғау органдарының тәжірибесіне сүйеніп, оларды бейнежетондармен қамтамасыз етуді пысықтап жатырмыз. Бұл мәселе де нормативтік тұрғыда реттелетін болады. Меніңше, мұны істеу қиын емес", – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Бүгін Мәжіліс депутаттары Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат «халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске және «міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға өзгерістер енгізуді көздейді. Министрдің сөзінше, заң жобасы саладағы артық әкімшілік реттеулерді қысқартып, рәсімдерді жеңілдететін нормаларды дебюрократизациялап, қайталанатын нормаларды жояды.
"Медициналық көмекті ұйымдастыруды жақсарту үшін «Халық денсаулығы» туралы кодекске енгізілетін 260-қа жуық норма әзірленді. Мәселен санитарлық қызметтердің құзыреті және мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардағы тамақтану орындарында бақылау күшейтіледі", – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Оқи отырыңыз: Ұшақ апаты: Маңғыстауда науқастың біреуіне ота жасалды