Алматыда 1 400-ден астам адам алаяқтардың құрбанына айналған
Алаяқтарға алданатын адамдардың 40 пайызы – егде жастағылар. Құзырлы орган мәліметінше, айласын асыру үшін қаскөйлердің заманауи технологияларды пайдаланып, тұрғындардың есепшотына қол жеткізуі жиілеп кеткен. Мәселен, жыл басынан бері Алматыда 1 400-ден астам адам алаяқтардың құрбанына айналған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Әлеуметтік желі мен ғаламтор – алысты жақындататын құрал ғана емес, қазір оны арам пиғылын іске асыру үшін небір алаяқтар тобының ақша табу құралына айналдырған. «Аңқау елге – арамза молда» кейпіне енген алаяқтардың араны күн санап ашылып барады. Жеке дерегіңізді білу арқылы банк картаңызға ақша аудару жайлы сұраным жіберіледі. Тұрғындар мұндай жағдаймен екі күннің бірінде кездесетін болдық деп отыр.
«Телефоннан хабарласып, «сіз Халима Жаңабаевасыз ба?» деп бірден әкемнің атын атағанда бірден күмән туды. Өйткені менің қазір тегім басқа. Ол тоқтай тұрыңыз дегенше, мен тұтқаны қоя салдым. Содан кейін де біраз қоңырау шалды, мен тұтқаны көтермедім, басқа номерден де хабарласты. Өткенде «сіздің қарызыңыз бар екен деп, жиналып, әжептәуір сома болып кетіпті, неге өйтпедіңіз-бүйтпедіңіз» деп жаналқымнан алды. 1 миллионға, 500 мыңға алданғандар бар екен», - дейді қала тұрғыны Халима Төрекешева.
«Маған «SIM-картаңызды қолдану мерзімі өтіп жатыр, жаңартасыз ба?» деп хабарласты. Бәрін сауатты жеткізіп тұрды, расымен сеніп тұрдым. Бір кезде деректерімді сұрап, келісімшарт туралы сөз қозғағанда бір шикілік барын түсіне бастадым», - деді қала тұрғыны Алена Анисимова.
«Сізге жеке банкіңізден хабарласып тұрмын. Шотыңызды қолдану мерзімі өтіп барады, жаңарту керек екен, ЖСН нөмірін айтып жіберіңізші». Міне, бұл – онлайн-қарақшылардың ең көп қолданатын айлаларының бірі.
Ардан аттаған алаяқтар аңқау елді сан соқтырудың күн санап жаңа түрін ойлап тауып жүр. Алматыда осындай жағдайдан зардап шеккендердің жыл басынан бері жалпы материалдық шығыны 1 миллиард теңгеден асқан.
Интернет пен қоңыраулар жеке деректерді ұрлау және қаржылық алаяқтық жасаудың ең танымал құралдардың біріне айналды. Алдап-арбаумен табыс табатындардың құрығына көбіне зейнеткерлер түседі дейді құзырлы орган өкілдері. Мегаполисте жыл басынан бері алданған 1400 адамның 40%-ы – егде жастағы тұрғындар.
«Интернет-алаяқтарға қарсы қарт кісілер өте осал болып тұр бойынша. Полицияның да, басқа да құқық қорғау органдарының өкілдері банктік немесе жеке дерек сұрауға құқығы жоқ. Хабарласып деректер сұраған жағдайда, олардың интернет-алаяқтар екенін еске салғымыз келеді. Жалпы алаяқтардан қалай қорғану үшін полиция қызметкерлері тарапынан әлеуметтік желі арқылы әрқашан ақпарат жіберіп отырамыз,», - деді Полиция департаментінің ЖПҚ басқарма бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Құқық қорғау органдары күн сайын шығып жатқан интернет-алаяқтықтың жаңа түрімен күресу үшін ақпарат жинап, қарқынды жұмыс жүргізуде. Тәртіп сақшылары тұрғындарға күмәнді қоңырауларға сенбей, жақындары туралы жеке ақпарат беруден аулақ болып, эмоцияға берілмей, барлық ақпаратты тексеруге кеңес береді.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, Almaty TV арнасы
Оқи отырыңыз: Алматы полициясы зейнеткерлерді алаяқтардан қорғау жолдарын түсіндірді