Алматы қысқы маусымға дайын: әлеуметтік мекемелерге жылу қашан беріледі

Жылу беру кезең-кезеңімен іске асады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы жылыту маусымына дайын. 7 қазаннан бастап жылу алдымен әлеуметтік мекемелерге, оның ішінде балабақшалар, мектептер мен медициналық нысандарға беріледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.   

Алматыда жылу маусымы әдетте 15 қазаннан басталады. Алайда орташа тәуліктік температураның төмендеуіне байланысты желілер биыл ерте іске қосылмақ. Жылу беру кезең-кезеңімен іске асады.

7 қазан мен 11-і аралығында алдымен әлеуметтік нысандар, яғни балабақшалар, мектептер мен медициналық нысандар жылумен қамтылады. Одан соң, тұрғын үйлер, жатақханалар және қонақ үйлер. Ал үшінші кезеңде әкімшілік ғимараттар, өнер ордаларына жылу беріліп, соңында өзге ғимараттар желіге қосылады.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша жауапты компания қаланың алты ауданында 20 км жылу желілерін қайта жаңартқан. Бұл ескі құбырлардың үлесін 1,8 пайызға азайтуға сеп болған. Сондай-ақ 69 сорғы станциясы және 24 резервуар-аккумулятор дайын тұр. Ал қазір компания жылу желілерін ауыстыру кезінде қопарылған жерді қайта қалпына келтіріп жатыр.

«Біздің мамандар желілерге гидравликалық сынақ жүргізді. Жөндеу жұмыстарын да сәтті аяқтады. Сорғы жабдықтарын жаңартты. Біз қазірдің өзінде айналым режимін іске қосуға дайынбыз», - деді «Алматы жылу жүйелері» ЖШС ресми өкілі Наталья Инкина.

Ал «Алматыжылужайэнерго» компаниясы мегаполистегі қазандықтарды күрделі жөндеуден өткізіп, бірқатарын ауыстырыпты. Былтырғы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден қысқа дайындықты бастап, жоспардағы жұмысты кестеге сай жүргіздік дейді жауапты мамандар.

«85 қазандық бойынша 10 қазандық ауысты. 50-ден аса сорғыш құрал ауысты. Су жинау бактары, 10-нан аса бак ауыстырылды. Қалған бүкіл жабдық күрделі жөндеуден өтті», - деді «Алматыжылужайэнерго» ЖШС бас инженері Абзал Жағыпаров.

Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін жылу желілеріндегі тозу деңгейі 63 пайыздан 56-ға төмендеген.

Айта кетейік, маусым кезінде апатты жағдайлар бола қалса, 16 бригада жұмыс істейді, олардың құрамында 220 адам мен 56 техника бар.

Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы, Almaty TV арнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда жылыту маусымының басталуы: үйлерге жылу мерзімінен бұрын берілетін болады

Новости партнеров