Желге ұшқан ақша: 2010 жылы пайдалануға берілген мектеп апатты деп танылды

03.10.2024 14:13

Түркістан облысындағы Қостөбе ауылында 2010 жылы пайдалануға берілген мектеп 3 жылдан кейін жарамсыз күйге түскен. Білім ошағының едені тозып, қабырғасы жарылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 Алайда, арада 12 жыл өткенде ғана аудандық соттың шешімімен мектеп апатты деп танылды. Ал оқушылар көршілес ауылға барып, білім алуға мәжбүр

Төлеби ауданындағы Қостөбе ауылында 500-ден астам тұрғын бар. Ауылда 2010 жылы жаңа мектеп салынды. Алайда оның құрылысы асығыс жүргізіліп, небәрі 8 айда қолданысқа берілген. Көп уақыт өтпей білім ошағы сыр берген.

"Мектеп құрылысының сапасы нашар, 1-2 жылдан құбыр жарылды", – деді Қостөбе ауылының тұрғыны Мықтыбек Жолаев.

Жауаптылардың айтуынша, мектеп құрылысына 480 млн теңгеге бөлінген. Ал 2022 жылы аудандық соттың шешімімен білім ошағы апатты деп танылған. Оқушылар көрші ауылға қатынап, оқиды.

"Таулы жерде болғандықтан түрлі табиғи жағдай болады. Кейде көліктер жолда қалып қояды. Екі жылдай қиналдық", – деді "Қостөбе" шағын жинақты жалпы білім беретін мектебінің директоры Данияр Айтбаев

Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, уақыттың өтіп кетуіне байланысты бұрынғы мердігер жазасыз қалған. Ал мамандар мектеп ғимаратына бірнеше сараптама жасапты. Нәтижесінде биыл қайтадан күрделі жөндеу өткізу үшін бюджеттен 438 млн теңге қаржы бөлінген. 

"Мектептің сырты темірмен қапталды. Кіреберіс жерін тегістеп, ойын алаңшасы салынды. Терезелері мен есіктері ауыстырылды. Дәлізіндегі ішкі сылақ жұмыстары қайта жасалынды", – деді Төлеби ауданы білім бөлімінің әдіскері Пернебек Асанов.

Сонымен қатар мектептің жарық пен су жүйелері, едені мен шатыры ауыстырылып, асханасы қайта жабдықталды. Тамызда мектептің жылу жүйесі көмірден газға ауыстырылды.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Республика күнінде қазақстандықтар қалай демалады