Маңғыстаудағы нысандарға 7 млн теңге бөлінген
Маңғыстауда бір жыл бұрын ғана пайдалануға берілген ойын алаңының тоз-тозы шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
7 млн теңгеге жуық қаржыға салынған ойын алаңы мен мына воркаут орынның қазіргі сиқы - осы. Көрер көзге көріксіз. Ал маңайдағы балалардың бұдан басқа барар жері жоқ. Өйткені ойын ойнап, сауық құрған кішкентайларға арналған жалғыз алаңының жайы жақсы емес. Тұрғындардың айтуынша, қыс мезгілінде пайдалануға берілген воркаут орнының 2 айға жетпей тас талқаны шығыпты, ойын алаңы да дәл солай көпке созылмай қирап қалған.
«Жаттығу алаңы алдыңғы жылы қыста салынды. Ешкім жаттығып үлгерген жоқ, қопарылып қалды. Астыңғысы жағы қап қара, балалардың киміне жағылып, одан қалс үйді бұлдірді. Ал баллар алаңы да алдыңғы жылы жазда салған шығар. Екі айдан кейін қирап қады», – деді Шерқала тұрғын үй массивінің тұрғыны Қайсар Оңайшаев.
Қос алаңға төселген материал желге ұшқан. Мұндағы арнайы жабынды да бөлшектеніп, әр жерде шашылып жатыр. Көзге тұрпайы көрінетін балалар мен спортшыларға арналған алаңның жәй-күйін ауыл әкімінен сұрап көрдік. Ол жобаны жауапты мекеме тіркеуге алып, қайтадан қалпына келтіреді деп уәде берді.
«Ауылды күтіп ұстаушы мекеме бар. Кемшілікті анықтап, әрі қарай жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Құнын есептейміз», – деді Маңғыстау ауылының әкімі Айдос Әдіқадыров.
Ауыл басшысы «бала саны көп, бір ойын алаңының ұзаққа шыдамауына сол себеп болып тұр» деп жауабын қысқа қайырды. Тұрғындар талабы – сапалы жұмыс. Қайта жаңарту жұмыстары уақыт еншісінде, ал балаларға әзірге барымен амалдай тұру керек.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Атырауда саяжай тұрғындары ауыз суға зәру