"Жеміс-жидекке емес, құр уәдеге тойдық": Атырау іргесіндегі ауыл тұрғындары мұңын шақты

05.06.2025 21:00

Бұқара әкімдіктен жазғы су құбырын жүргізіп беруді сұрайды

Атырау іргесіндегі Ақжар ауылының тұрғындары техникалық судан тарығып отыр. Аңқаны кептіретін аптап салдарынан жұрт тіпті бау-бақша өнімдерін егіп, тал-терегін жайқалта алмай әлек. Сондықтан бұқара әкімдіктен жазғы су құбырын жүргізіп беруді сұрайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Балға жабысқан арадай үйілген жұрт жыл сайын бау-бақшасына жеміс-жидек еге алмай келеді. Өйткені тұтас ауылда жазғы су құбыры жоқ. Сондықтан көпшілік жоқ дегенде Жайықтан су алу үшін арнайы қондырғы қойып беруді талап етеді.

«Мен неге уақытымен базардан Қытайдан, Шымкенттен жеткізілген қымбат жеміс-жидек аламын? Өзімнің шарбағымнан жұлып жеуім тиіс емес пе? Әкім соған жағдай жасамай отыр. Менің талабым – жазғы суды, Жайықтың суын тартып берсін», - дейді Ақжар ауылының тұрғыны Өміртай Қасымов.

Ақжарлықтардың айтуынша, құбыр тарту жұмыстары екі жыл бұрын басталған. Бірақ былтырғы су тасқыны жұмысқа кедергі келтіріпті. Ал жақында 2 көшеге су жүйесі жүргізілген. Бірақ ел «ол да сапасыз» дейді.

«Жарты жолдан жарылып жатыр. Жағада жалғаған қабылдағышы қисайып құлап жатыр. Ішіне кірсек, моторы арзанқол, еш кепілдігі жоқ. Көкөністі сатып алуға біреудің жағдайы келеді, біреудікі келмейді. Сонда іргеде тұрғанда, неге біз сатып алуымыз керек? Суарсаң, осы жерде бәрі де өседі», - дейді келесі бір тұрғын Асқар Сариев.

Айқайға басқан ағайынның шағымын тыңдауға келген ауыл әкімі жұртты сабырға шақырды. Шенеунік жазғы құбыр жүйесінің жобасын жасақтап қойыпты. Тіпті құжаты да дайын тұр екен. Бірақ жұмыс келер жылы басталады.

«Биыл сметасын жасап, қалған көшелерге су тартамыз. Құжаттарын жасап, келер жылы бастап іске қосамыз», - деді Қайыршақты ауылдық округінің әкімі Шапқат Қалиев.

Ашығын айту керек, ашынған жұрт әкім сөзіне сенбейді. Өйткені былтыр да дәл осылай уәде беріп, ақыры жұмыс аяқсыз қалыпты.

Жұлдыз Қайратқызы, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Алматы әкімдігінде адамдарды өрттен құтқарған қала тұрғыны марапатталды