Жер-2025: Алматыдағы №11 қалалық емханада оқу-жаттығу өтті

24.07.2025 16:48

Өрт сөндірушілер зардап шеккен адамды құтқарып, оны сыртқы баспалдақ арқылы эвакуациялады

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

 Алматы қаласындағы  №11 қалалық емханада республикалық «Жер-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Оқу-жаттығудың мақсаты – төтенше жағдайлар: өрт, жер сілкінісі және пациенттердің өмірі мен денсаулығына төнетін басқа да қауіптер туындаған жағдайда медициналық ұйым қызметкерлерінің үйлесімді және жедел әрекет ету дағдыларын пысықтау болып табылады.
Іс-шараға емхана қызметкерлері, Жетісу ауданының Өрт сөндіру бөлімінің өкілдері, сондай-ақ Жетісу ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары қатысты.
Жиынға қатысушыларға №11 қалалық емханасының директоры Нұрлан Отарғалиев шараның мақсатын таныстырды. Ол  мұндай іс-шараларды өткізу медициналық персоналдың дайындық деңгейін арттыру және жедел қызметтермен тиімді өзара іс-қимыл орнату үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Оның айтуынша, төтенше жағдайдың алғашқы минуттарында үйлесімді әрекет ету адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, екінші қабаттағы 217-кабинетте шартты өрт орын алып, түтін таралып, дабыл сиренасы іске қосылды.
Осыдан кейін ішкі жоспарға сәйкес қызметкерлер мен пациенттерді шұғыл эвакуациялау ұйымдастырылды.
Шартты оқиға орнына Жетісу ауданының Өрт сөндіру бөлімінің жасағы жедел жетіп келді.
Өрт сөндірушілер зардап шеккен адамды құтқарып, оны сыртқы баспалдақ арқылы эвакуациялады.
Сонымен қатар медицина қызметкерлері «Көк код»  – өмірге қауіп төнген жағдайдағы жедел әрекет ету сигналы бойынша әрекеттерді пысықтады.
Жүрек-өкпе реанимациясының негізгі элементтері, оның ішінде жүрекке жанама массаж жасау, өкпені жасанды желдету және 103 қызметін шақыру шаралары орындалды.
Оқу-жаттығу аясында жер сілкінісі жағдайы да модельденіп, ғимараттан эвакуациялау бойынша сейсмикалық дайындық өткізілді.
Мұндай оқу-жаттығулар медициналық мекемелердің қауіп жағдайында жұмыс істеуге дайындығының ажырамас бөлігі болып табылады және төтенше жағдайларға әрекет ету жүйесін нығайтуға ықпал етеді

Оқи отырыңыз: МӘМС: Алматыда 95 мыңға жуық адам қосымша сақтандырылмақ