Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр
Түркістан облысында Сайрам ауданының тұрғындары жер дауына байланысты биліктен әділдік сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қарабұлақ ауылында жер дауы бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Тұрғындардың айтуынша, қолында мемлекеттік актісі бар жер телімдеріне қайтадан құжат рәсімделген. Ал құжатсыз жүрген отбасылар жер телімін заңдастырайын десе түрлі кедергіге тап болып отыр.
«2007 жылы берілген мемлекеттік акт бар. Ол 2023 жылы қайта құжат жасаған. Прокуратураға, әкімдікке бардық, шара қолданатын ешкім жоқ», – деді ауыл тұрғыны Мамыржан Юнусметов.
Жергілікті әкімдік болса, жағдайдан хабардар. Дегенмен ауыл әкімі бұл дауға қатысы жоқ екенін айтты.
«Кезінде ауыл әкімі адын әкімінің қаулысымен бір құжатқа екінші мемлекеттік актіні енгізген. Сол жерге қосалқы шаруашылық жүргізуге, ары қарай ол менің жерім деп дауласқан», – деді Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Камилжан Абдилахатов.
Ал аудандық прокуратура өкілдерінің мәліметінше, бұл дерекке байланысты жалған құжаттарды беру және пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар Юнусметовтар әулетінің жер дауы әкімшілік сотта қаралуда.
«Аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Тергеу уақытысы бар. Жер заңнамасын бұзу бойынша құқықтық баға берілуі үшін аудандық әкіммен облыстың жер инспекциясына хат жолданған», – деді Сайрам ауданы прокурорының орынбасары Мейірлан Шотықов.
Ресми мәліметке сүйенсек, Қарабұлақ ауылында 454 заңсыз салынған үй анықталған. Оның 234 баспананың меншік иесі бар, ал қалған 220 жер телімі ауыл шаруашылығы мақсатында берілген.
Нұркен Әкімхан, Мақсат Күнібек, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Жетісу облысында әйелі күйеуі мен ұлының жұмысын үйлестіріп, есірткі жеткізіп отырған