Жетісу облысында 500-ге жуық көлікті заңсыз тіркеген қылмыстық топ мүшесі елге қайтарылды

31.10.2025 15:29

Қылмыстық топ әрекетінен бюджетке 3,7 млрд теңге міндетті төлемдер түспеген

Жетісу облысында 481 көлікті заңсыз тіркеген қылмыстық топтың мүшесі Ресейден елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында жұмыс істеген. Ол 2022-2023 жылдар аралығында автокөлік иелерін іздеп тауып, жалған мәліметтерді ақпараттық жүйеге енгізіп, олардың темір тұлпарларын заңсыз тіркеп отырыпты. Соның салдарынан бюджетке 3,7 миллиард теңге міндетті төлемдер түспеген. Бұл әрекетінен кейін күдікті шекара асып кеткен.

Биыл наурыз айында ол Мәскеу облысында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша елге жеткізілген.  

«Қазіргі таңда күдікті тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық заңнамаға сәйкес оған тағылған айып бойынша мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бас прокуратура шетелде жасырынып жүрген тұлғаларды іздестіру және оларды жауаптылыққа тарту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда», - деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Ерлан Жанпейісов.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінде газ жарылды