Жетісу облысында Балқаш көліне апаратын жол ашылды

17.06.2025 20:10

«Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автожолының 35 пен 110 шақырымы аралығында жөндеу қарқынды жүріп жатыр

Сегіз жыл бойы сарылып күткен жол ашылды. Жетісу облысында Балқаш көліне апаратын бағыт қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Балқаш көліне бастайтын жолды жаңғырту – Жетісу туризмін түлетудің алғашқы қадамы. Оның Лепсі ауылына дейінгі 27 шақырымы қайта жөнделіп, қолданысқа берілді. Енді Талдықорғаннан шыққан жолаушылар діттеген жеріне бұрынғыдай 4 емес, небәрі 2 сағатта жете алады. «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автожолының 35 пен 110 шақырымы аралығында жөндеу қарқынды жүріп жатыр. Мұнда санитарлық тораптар мен аялдамалар да қарастырылған. Халық көптен күткен жол саяхатшыларды молынан қабылдап, өңірдің экономикалық тынысына оң серпін бермек.

«Жолдың мақсаты – туристік саланы дамыту. Қазір 6000 көлік жүре алады. Неше жыл халық айналма жолмен жүрді, қанша машинаның дөңгелегі жарылды. Жолдың өқрылысы 2018 жылы басталған. Қаражат жыл сайын қажетті көлемде бөлінгенбегендіктен, кешікті. Құны аз емес», – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.

Биыл Балқаш көлінде шомылуы маусымы жылдағыдан ерте басталды. Айдынды көлге қарай жол жөнделіп, жағажай күніне 20 мың демалушылардың күтуге даярланып отыр. Туристердің сөзінше, Балқаш көлінде 3 айда да су жылы, жайлы болады. Сондықтан аймақ демалуға таптырмайтын жерге айналуы әбден мүмкін.

Ал «көлге жеткен демалушыны жағажайда не күтеді?» деген сұрақ туындайды. Мұнда инфрақұрылым мен инженерлік желілер толық іске қосылмаған. Электр қуаты мен ауыз су тапшылығы бар. Кәріз жүйесі мен жол құрылысы енді қолға алынғаны белгілі. Жағалау жиегіндегі ұзындығы 9,3 шақырымдық автожолдың тек жартысы ғана дайын. Жолды жөндемей тұрып, мұндағы басқа да дүниелерді дамытудың қиынға соққанын жергілікті билік те жасырмады. Олардың айтуынша, демалушылар игілігі үшін барлық жұмыстар рет-ретімен қолға алынып, маусым аяқталмай, бітуі тиіс.

 «Балқаш көлдің жағалауы көркейіп күннен күнге дамып, өсіп жатыр. Жылдан жылға келетін адам саны да өсіп жатыр. Жарық орнату керек», – деді Жетісу облысының тұрғыны Дархан Ерәділ.

«Балқашқа бірінші рет келіп отырмыз. Жаман емес.  Жақсы демалып қалдық. Жол жасалып, риза болып отырмыз. Баяғыда 3,5-4 сағатта келетінбіз, қазір 2 сағатта жетуге болады», – деді Жетісу облысының тұрғыны Марат Арғынбаев.

Қазір жағалауда маусым сайын демалушыларды қарсы алатын 17-ге жуық демалыс орны бар. Туристер саны артқан сайын, инфрақұрылымға түсетін салмақ та көбейеді. Сондықтан жергілікті билік жағажай инфрақұрылымын егжей-тегжейлі жоспарлайтын жоба құрған.

«Жарық жоқ болатын. Лепсі ауылынан бастап, жағалауға дейін 16 км электр желісі тартылды. Қосалқы стансаға электр қуаты берілді. Жағалауда жұмыстардың екінші кезеңі атқарып жатырмыз», – деді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.

Балқаш көлінің 1682 гектарында туристік-рекреациялық аймақ құру көзделіп отыр. Жоба ашық жағажай форматында жасалған. Қазір құжат мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жоспар мақұлданып, жүзеге асса, демалыс орындары бір күнде 23 мың демалушыны қабылдамақ. Жаңартылған жағажайда 7100 демалыс нөмірі, 7200 орындық автотұрақ, мәдени-сауық мекемелері мен қызмет көрсету нысандары салынады деп жоспарланған. Нәтижесінде шамамен 4,5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

«1686 гектарды қамтиды,  оның ішінде инвесторларға 368 гектар жерді беруге мүмкіндігіміз бар. Жобада 6 муниципалды жағадай қалдырып кеттік. Бұл аймақты әкімдік қарайды», – деді Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дәркен Нұржанов

Балқаштың бойын бойлай туризм тынысы біртіндеп ашылып келеді. Жетісу облысы табиғи әлеуетін тиімді пайдаланып, көл жағасын туристер үзілмейтін демалыс орталығына айналдыруға ниетті. Қазір жылына 52 мың адам келетін жағалауға болашақта 450 мыңнан аса демалушы саяхаттайды деп жоспарланып отыр. Алайда бұл мақсатқа жету үшін инфрақұрылым толық жаңаруы тиіс. Қолға алынған бастама осы қарқынмен жалғасса, өңір отандық туризмнің жаңа орталығына айналары сөзсіз.

Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда қанша ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді