Жетісу облысында мал ұрлығы өршіп тұр

21.08.2025 15:44

Бірақ Ақсу ауданында ауыр қылмыстар саны 18 пайыз азайған

Жетісу облысы Ақсу ауданында мал ұрлығы мен интернет алаяқтық өршіп тұр. Өңірде соңғы 7 айда төрт-түлікке қол сұғу дерегі 50 пайызға өссе, ғаламтор арқылы халықты алдап-арбайтындар статистикасы 66 процентке дейін артқан. Бұл туралы ведомствоаралық кеңестің отырысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Прокуратура өкілдері отбасылық-тұрмыстық қатынастағы жанжалдың да жыл басынан бері көбейгенін сынға алды. Заңның заңдылығын қадағалайтын орган жағдайды оңалту үшін аудан әкімдігінен бастап, полиция, білім бөліміне ұсыныстар мен тапсырмаларын жолдады. Ақсу ауданында алаяқтық деректері көбейгенімен, ауыр қылмыстар саны жыл басынан 18 пайызға дейін азайған.

«Әрбір көтерілген мәселе – қоғамның қауіпсіздігі мен тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды сала. Сондықтан айтылған пікірлер, ұсыныстар ескеріліп, олардың іс жүзінде жүзеге асырылуы – міндетіміз. Кеңесте қабылданған тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болады», – деді Ақсу ауданы прокурорының орынбасары Арнұр Жұмабеков.

Оқи отырыңыз: Шымкенттің бас сәулетшісі қамауға алынды