Жетісу облысындағы республикалық күре жол қашан аяқталады

23.09.2024 13:54

«Жол активтері ұлттық сапа» орталығының қызметкерлері 429 инспекциялық тексеріс ұйымдастырды

Almaty.tv

«Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолы құрылысының 314 шақырымы аяқталуға жақын. Жауаптылардың айтуынша, Жетісу облысындағы республикалық күре жол жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрылысы 5 жыл бұрын басталған «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автомобиль жолы былтыр аяқталуы тиіс. «ҚазАвтоЖол» өкілдерінің айтуынша, жұмыстың кешігуіне құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп болған. Жетісу облысы бойынша жол учаскесінің құрылысы 95 пайызға біткен. Тек жарықтандыру, жол таңбалау сынды жұмыс қалған.

Жол бойында 10 санитарлық гигиеналық тораптар салынып жатыр. Әрқайсысы 120 шаршы метрді құрайды. Ішінде ер адамдарға бөлек, әйел адамдарға бөлек дәретханалары, жуынатын орындары және қажетті азық түлік саудалайтын сату орындары салынып жатыр. Солар біткеннен кейін құрылыс жұмыстары толық қабылдауға алынып, пайдалануға беріледі. Бірақ қазіргі таңда жол қозғалысы толықтай қамтамсыз етілген, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев.

Аталған учаскеде «Жол активтері ұлттық сапа» орталығының қызметкерлері 429 инспекциялық тексеріс ұйымдастырған.

Оның ішінде 1640-тан астам сынама алынған. Олардың шамамен 10 пайызы нормативтік талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Оны осы күнге дейін мердігер ұйымдар өз тарапынан қаржыландырып, қайта жасап, жұмыстарды ретке келтірді, – деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.

Былтыр толық аяқталып, пайдалануға берілген «Үшарал-Достық» автомобиль жолынан Қытай шекарасына дейінгі аралықта тағы бір жаңа жобаның құрылысы жүріп жатыр.

Қазіргі біздің кіргізіп жатқанымыз бұл жаңа құрылыс. ҚХР-ге өтетін жаңа терминал салынып жатқанына байланысты ұзындығы 6,5 шақырымды жаңа автомобиль жолы салынып жатыр, – деді  «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жетісу облыстық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев.

Мамандардың айтуынша, республикалық маңызы бар жолдар 5 сатылы сапа бақылауынан өтеді. Мердігер ұйымнан басталатын тексерудің соңғы нүктесін «Жол активтері сапасы» ұлттық орталығының мамандары қояды.

Салынған жолдың сапасын анықтау үшін мамандар арнайы құрылғы көмегімен сынама алады. Оны зип-пакетке салып, арнайы QR кодтың көмегімен Kazroadlab жүйесіне тіркеп, зертханаға жібереді. Кейін 7-10 күн ішінде қорытынды шығады.

Елімізде 25 мың шақырым жол халықаралық және республикалық маңызға ие. Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитеті өкілінің айтуынша, биыл 2,5 мың шақырымына орташа жөндеу жүргізіледі.

Еркебұлан Серікұлы, Мейрам Исабеков, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Талғар-Есік тасжолында жол апаты болды

Теги: жол сапалы