Жетісу облысының тұрғындары қаржы пирамидаларына 306 млн теңге құйған

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Жылдам ақша табуды ойлап, жылпос әрекетке баратындар қарапайым халықты әбігерге салудан жалығар емес

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Былтыр өңір көлемінде 4 қаржы пирамидасы құрықталған. Оларға 200-ден астам адам тіркелген. Шығын көлемі 306 млн теңгеден асады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Жетісуда қаржы пирамидасына ақша салатындар әлі де бар. Жылдам ақша табуды ойлап, жылпос әрекетке баратындар қарапайым халықты әбігерге салудан жалығар емес. Әсіресе, тұрмысы төмен, орта тап өкілдері үй алуға жинаған ақшасын қаржы алаяқтарына ұстата салған жайттар көптеп кездеседі. Тіпті арасында мұғалімдер де бар. Интернеттегі түрлі жарнамаларға иланып, маркетингтік тәсілдерге шырмалған тұрғындар қалай ақша салғанын өздері де түсінбейді. Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, егде жастағылар ғана емес, сауатты, білімі жоғары азаматтар да қаржы пирамидасынан пайда іздегені анықталған. Бүгінде сол бағытта жұмыс істейтін әлеуметтік желілер мен арнайы сайттарды жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларының заңсыз әрекеттерінің жолын кесу және олардың азаматтарға тигізетін зиянын болдырмау бойынша кешенді шаралар әзірледі. Сол шаралар аясында аталған агенттік қаржы пирамидаларының негізін зерттеп, алдын алу шараларын айқындады. Мұндағы міндет – олардың қызметін тоқтату және циклін қысқарту. Бұл агенттіктің ұсынымдары бойынша екі айға дейін болмақ. Былтыр ел бойынша 18 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Олардың негізгі белгілері анықталды. Нақтылай кетсек, алдымен әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнама және мәжбүрлеу, яки арнайы аккаунттар ашу, танымал медиа тұлғалардың жарнамалауы, таргеттелген жарнама жүргізу. Одан кейін жоғары табыс пен үлкен пайыз уәде ету, яки 50%-дан жоғары дивидендтерді қысқа мерзімде беру туралы уәделер. Жаңа салымшылар тартқаны үшін сыйақы беру. Мұнда өзін "ноу-хау" жоба немесе басқа ұйым ретінде таныстыру, яки тұрғын үй кооперативі, микроқаржы ұйымы, несие бюросы, қарыздан құтылу бағдарламасы, қаржылық қызмет көрсету орталығы бар», - дейді облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Еркін Тюмелиев.

Оның айтуынша, аталған ұйымдар адал азаматтарды тартып, олардың жинаған қаражаттарын пайдаланады. Пирамидалар халықтың барлық әлеуметтік топтарына бағытталған. Жарнамаға сенген азаматтар ондаған мыңнан бастап, миллиондаған теңгеге дейін қаржы салады екен. Көп жағдайда азаматтар жоғары пайыз алу үшін несие рәсімдеп, қаржы пирамидаларына ақша құяды. Нәтижесінде, қаржысынан айырылып, үлкен шығынға ұшырайды. Ал құйған қаржысы ешқашан қайтпауы әбден мүмкін. Тіпті іске сот араласса да.

Ең өкініштісі, өзі жарымай отырған жұрттың банктен қарыз алып, оны қаржы пирамидасы арқылы еселеп алуды ойлауы болып отыр. Сонымен айналысатын ұйымдар арнайы шақырту беріп, тұрмыстық тығырыққа тірелген жұртқа оңай баюдың жолын көрсетеді. Оған иланған адамдар қолда бар затын өткізіп, ақша құюға асығады.

«Qnet деген бәлеге 1 млн теңге беріп кірген едік. Оған келіншегім барып, дәрісін тыңдап, "ақшаны жылдам көбейтіп алады екенбіз" деді. Елдің бәрі соған ақша салып жатыр, тіпті байып кеткендерді де көрсетті. Кімнің жылдам байығысы келмейді?! "Көрсең, көр" дедім. "Көршіміз де кірген екен, екеулеп жұмыс істейміз" деп қуанды. Қайдағы, қайтатын түрі жоқ. Қанша ақшаны қайтаруды сұрағанымызбен, олар әртүрлі сылтауды айтып, қуып шығады. Заңға барсақ та ешкім құлақ аспады. Сөйтіп ақшамызды қайтара алмадық. Өзі де несиеге батқан едік, одан сайын берекеміз кетті. Мен сияқты қаншама адамдар шырылдап барды, бірақ ешкім тыңдаған жоқ. Расымен, жеңіл ақша табудың болмайтыны сол кезде басымызға тиді», - дейді еркін ауылының тұрғыны Жандос Келісбаев.

Бүгінде арнайы қаржылық пирамидалық орталықтар жабылса да, халық оларға онлайн ақша салуды құп көреді екен. Бүгінде облыс көлемінде жүздеген тұрғын ескі әдетін қайталаған.

Оқи отырыңыз: Өзіне-өзі қол салған: ата-анасы ұлының өліміне полицейлерді кінәлайды

Новости партнеров