Өзіне-өзі қол салған: ата-анасы ұлының өліміне полицейлерді кінәлайды

Туыстарының қолындағы хаттың көшірмесінде Азат 4 баланы ағайындарына аманаттап, олардан кешірім сұраған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу облысында өзіне қол салған 27 жастағы жігіттің ата-анасы оның өліміне полицейлерді кінәлайды. Қайғылы оқиға 20 ақпанда Сарыөзек ауылында болған. Туыстары марқұмның тергеушіден шыққан соң, ойға батып, боп-боз болып жүргенін, қайтыс болған күні тағы бөлімшеге шақырылғанын айтты. Ал құзырлы орган «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабымен іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Марқұм Азат Құдайбергенов әкесімен бірге ауылдың малын баққан. Қайғылы оқиға болатын күні ол бауырына хабарласып, тезірек жетуін сұраған.  Ал інісі жеткенде  ол тоқ бағанасында асылып тұрған.

 «Жерге түсірген кезде  қалың арқан мойнына кіріп кеткен. Мойнына қолымды тығып арқанды шығарғанда, соңғы демі шықты. Алғашқы көмек көрсетіп бақтым, болмады. Бағанның түбінде қара пакеттің үстінде бас киімі, қасында телефон тұр екен. Бас киімнің астында хат жатыр. «Олжас «түбінде сені соттатам» деп түнде келіп маған тиісті.  Октябрьдің баласына көрсетіңдер» деп жазған», – деді марқұмның бауыры Сағат Құдайбергенов.

Туыстарының қолындағы хаттың көшірмесінде Азат 4 баланы ағайындарына аманаттап, олардан кешірім сұраған. Сондай-ақ өзіне жала жабылғанын,  әлдебіреудің түрмеге отырғызам деп қысым көрсеткенін жазған. Ал анасы баламды полицейлер ұрып-соқты ма деп күдіктенеді.   

 «Барса, денесі әлі ыстық» дейді. Олар жедел жәрлдем көлігін шақырмай,  баланың денесін 19:40-та мәйітханаға апарған. Үш күн тергеп, «жабам, сенің көзіңді құртам» деген. Балам ыза болып, өзіне-өзі қол салған. Оның ішінде ұрды ма, не істеді мен білмеймін. Камераны ашпады», – деді марқұмның анасы Гүлбағиза Оңғарбаева.

Баласынан айырылған  ата-анадан бөлек, әкесіз қалған төрт бала мен жесір жұбайы еңіреп отыр. Олар атпалдай азаматтың өмірмен қош айтысқанына әлі де сене алмайды.

 «Арман-мақсаты да көп болатын, өзіне сенімі еді. Балаларының қамын көп ойлайтын. Екі күн тергеді ғой, ол сол кезде ойын өзгерте бастады. Бірінші күнді уайымдап қайтқан, ал екінші күні кәдімгідей басқа адам, бұзылды. Ойға шомып кетті, қорқытып, сынып кетті деп ойлаймын», – деді марқұмның жұбайы Айнұр Тұрсынова.

Құдайбергеновтер полицейлер «шенділердің ісін жасырып қала ма?» деп қауіптенеді. Ал облыстық департаментте іске қатысты  «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабымен тергеу басталып, сараптама тағайындалған.

«Қажетті кешенді тексеру шаралары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тараптардың барлық уәжі, мәлімдемелері, сондай-ақ марқұмның туыстары ұсынған мәліметтер тергеу барысында мұқият зерттелетін болады. Тергеу Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деді Жетісу облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қайғыдан қан жұтып отырған отбасы ұлына қысым көрсетілді деп санайды. Марқұмның туыстары құзырлы органнан әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Шымкентте бесінші сынып оқитын бала асылып қалды

Новости партнеров