Жетісуда диқандар дақыл жинауға неліктен кіріспей отыр

02.10.2024 19:18

Өнімді Панфилов ауданына жеткізу шаруаларға тиімсіз

Жетісу жеріне егілген жүгері биыл тағы жүк болатын секілді. Себебі дихандар дақыл жинауға әлі кіріспеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Александр Квитко биыл 23 гектарға ғана жүгері сепкен. Былтыр 90 гектар алқаптан алған өнімін өткізе алмай қиналған. Ал биыл сатып алушылар ылғалдығына қарай тоннасын 50-60 мың теңге аралығында ғана қабылдап жатыр. Шаруа «шығын жаппайды» дейді.    

"Трейдерлік компаниялардың қойып отырған бағасы 60 мың теңге. Бұл – арзан баға. Оның өзінде ылғалдығы 12-14 пайыз болуы керек. Бірақ мұндай сапада өнім жоқ. Алдағы күндері жаңбыр жаууы мүмкін. Биыл жүгері тағы еңбекті ақтамай тұр",  – деді шаруа Александр Квитко.

Аймақта жүгері ору науқаны қыркүйектің соңында басталған. Алайда диқандардың дені әлі жүгері жинауға  кіріспеген. Өйткені дақылдың ылғалдылығы тым жоғары болып тұр. Осы күйінде жинап өткізетін болса  тоннасы 43 мың теңгеге ғана сатылады.

«Жаркент крахмал-сірне» зауыты ылғалдылығы 14 пайызға тең дақылдың тоннасын 60 мың теңгеден алады. Бірақ өнімді Панфилов ауданына жеткізу алыстағы шаруаларға тиімсіз. Сондықтан көбі трейдерлік компанияға өткізуге мәжбүр.

"Бағаны нарық реттейді. Соған сай бейімделуіміз керек", – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев

Ал фермерлер одағы мұндай уәжбен келіспейді. Олар өңірде азық-түлік корпорациясының филиалы ашылса, мәселе реттеледі деп сенеді. Бірақ ол «лицензиялық элеватор жоқ» деген желеумен ашылмаған.   

"Азық-түлік корпорациясы" – мемлекеттік мекеме.  Мемлекет тұрғысынан біршама бағалар реттеліп жағдай жақсаруы керек. Бірақ министрдің берген ұсыныстар орындалған жоқ", – деді фермерлер одағының төрағасы Асқар Шәріпов.

Шенеуніктер элеватор мәселесі кәсіпкерлерге байланысты дегенді айтады. Оның үстіне биыл бидайдың да бағасы төмен. Трейдерлік компаниялар  келісін 65-70 теңге аралығында сатып алады. Ал жетісулық шаруалар биыл 98 мың гектардан бидай жинайды.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Мектеп директорлары мен аурухана басшылары кәсіпкерлікпен айналыса ала ма