Жетісуда жыл басынан бері жол апатынан 116 адам қайтыс болды

05.11.2025 08:40

Жазатайым оқиғаның ең көбі — Талдықорғанда тіркелген

Depositphotos

2025 жылдың 10 айында Жетісу облысының жолдарында 945 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 116 адам қаза тапты. Оған қоса, 1667 адам жарақат алған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Былтырғы жылмен салыстырғанда адам шығыны бар жазатайым оқиғалардың саны 58,5 пайыз, зардап шеккендер саны 67,3 пайыз артқан. 

Балалар жарақатының артуы ерекше алаңдатып отыр. Он айда 400 кәмелетке толмаған бала зардап шеккен (өсім 53%), оның 13-і қайтыс болды.

"Бұл жағдай барлық жүргізушілердің ерекше назарын талап етеді. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, адамдардың өмірін сақтап қалуға болады", — деп атап өтті Жетісу облыстық мемлекеттік прокуратурасының басшысы, аға әділет кеңесшісі Ерлан Молдахметов.

Жазатайым оқиғаның ең көбі — Талдықорғанда тіркелген. Мұнда 329 жол апаты болды. Сонан соң, Панфилов ауданында — 237, Алакөл ауданында — 72 және Ескелді ауданында — 74 оқиға тіркелді. Жол-көлік оқиғаларының көпшілігі елді мекендерде (664), тағы 243-і республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда орын алған.

Оқыс жағдайлардың негізгі себептеріне жылдамдықты арттыру (184 жағдай), жол белгілерін елемеу (202), жаяу жүргіншілерге жол бермеу (119), маневр жасау ережелерін бұзу (73) жатады.

Жыл басынан бері облыста жаяу жүргіншілерді қағып кету көрсеткіші 247-ні көрсетті. Соның салдарынан 6 адам қаза тауып, 242 адам жарақат алған. Осындай жағдай болйынша Талдықорғанда — 124, Панфилов қаласында — 54, Ескелдіде 20 оқиға тіркелді.

Апаттардың көпшілігі қарбалас уақытта — таңертең (7:00-9:00) және кешкі уақытта (18:00-22:00) орын алады.

Оқи отырыңыз: Қар шығару жұмыстарының сапасын арттыру үшін Алматыда жол бойындағы боллардтар алынып жатыр