Көпшілік назарына ұсынылған фильм еліміздің үлкен экрандарынан көрсетіледі
Қазақстандық көрерменге таңсық, жаңа жанрдағы фильмнің тұсауы кесілді. Кинотуынды қазақ мифологиясының кейіпкері "Жезтырнақ" жайлы аңыз-әңгімелерге негізделген. Актерлік құрамда кіл мықтылар жиналған жоба қалың көрерменге жол тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жезтырнақ – мультижанрлық фильм. Онда фэнтези, экшн, хоррор мен комедия элементтері бар. Жобаға атсалысқандар "кинотуындының түсірілімі оңай болмады" дейді. Оның үстіне, көріністердің көбі қараңғыда түсірілген.
"Қазақстанда мұндай жанрда кино болған жоқ. Киноны түсіру оңай болды деп айта алмаймын. Себебі белгілі бір жағдайға байланысты екі жыл түсірдік", – деді фильм режиссері Әнуар Матжанов.
Сценарий жазу, түсірілім тобын жинау, кастинг пен актерлік құрамды бекітуге жарты жыл уақыт кеткен. Фильмде Сағызбай Қарабалин, Асан Мәжіт сынды шеберлер төбе көрсеткен. Ал басты рөлді сомдайтын Есентай Ниязбаев, Динара Мирасбек үшін бұл жоба - жаңа тәжірибе.
"Қатты толқып тұрмыз. Біз үшін жаңа жанр. Қазақстандық көрермендерді осындай тың жобамен таң қалдырғымыз келді. Киносүйер қауымға ұнайды деген сенімдемін. Фильм түсіріліміне атсалысқандардың бәріне ерекше алғыс айтам!" – деді фильмнің бас продюсері Сәбит Рахимбаев.
Актерлер де бұл жобаның өздері үшін ерекше болғанын айтады. Олар кәсіби шеберлігін арттырып, өзге қырынан көрінуге мүмкіндік алған.
"Мен үшін өте ерекше фильм. Фильмдерде мейірімді персонаждың рөлін ойнаймын. Соған үйреніп қалыппын, халық қалай қабылдайды екен? " – деді актер Ербол Әлмұхан.
Айта кетейік, түсірілім алаңында актерлерден бөлек, Nomad Stunts каскадерлер тобы өнер көрсетті. Көпшілік назарына ұсынылған фильм еліміздің үлкен экрандарынан көрсетіле бастады.
Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Алматыда жасырын есірткі зертханасы анықталды