Тергеп-тексеру амалдары басталды
Алматыда жолаушылар автобусы мен жүк көлігі соқтығысып, 23 адам зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға кеше сағат 18:00 шамасында Боралдай тас жолында болған. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, МАЗ маркалы кран жүргізушісі рөлге ие бола алмай, алдымен Mercedes пен Kia көліктеріне соқтығысқан. Кейін қарсы бағытқа шығып кетіп, автобус пен Subaru маркалы темір тұлпарға бетпе-бет ұрылған. Оқиға салдарынан онда отырған жолаушылар түрлі дене жарақатын алыпты. Қазір жол апатына қатысты тергеп-тексеру амалдары басталды.
«Жәбірленген адамның міндетті түрде дене жарақаттарының ауырлық деңгейін анықтау мақсатында сот медициналық сараптама тағайындалып, жүргізілетін болады. Егер сот сараптамасы ауыр немесе орта дәрежедегі дене жарақатын анықтайтын болса, онда қылмыстық іс қозғалады. Егер дене жарақаттары жеңіл болса, онда бұл іс әкімшілік заңнама тұрғысында қарастырылатын болады», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Оқи отырыңыз: Қостанай облысында бір отбасы жол апатынан қаза тапты