Алдағы уақытта 4 мың шақырым болатын жаңа жобаларды іске асыру көзделіп отыр
Биыл нормативке сай келетін республикалық жолдардың үлесі 93 пайызға дейін жеткізіледі. Ал жергілікті жолдарға қатысты көрсеткіш 2 пайызға артпақ. Бұл туралы Көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру жөніндегі V Еуразиялық форумда белгілі болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина Алматы – Қарағанды, Талдықорған – Қалбатау, Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахань бағытындағы жолдарда жөндеу жұмысы жыл соңына дейін аяқталатынын айтты. Оған бас-аяғы 2,5 мың техника, 4100 адам жұмылдырылған.
Ал алдағы уақытта тағы 4 мың шақырым болатын жаңа жобаларды іске асыру көзделіпті. Сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 3,2 шақырым жолдың төрт жолаққа ауысқаны, қалаларды айналып өтетін 52 бағыттың ашылғаны да белгілі болды.
«Ресей Федерациясынан, Өзбекстан Республикасынан, Қырғызстан Республикасынан келетін қонақтар бар. Көрменің басты мақсаты – оқушыларға, студенттерге болашақ мамандықтары қандай екенін және қай жерге барып жұмыс істейтінін көрсету», - деді М. Тынышбаев атындағы ALT университетінің проректоры Шамсигүл Көбдікова.
Іс-шараның жалғасы көрмеге ұласып, онда әуе, су техникаларына, автокөлік пен теміржол саласына енгізуге болатын тың технологиялар мен жүйелер таныстырылып, қондырғылар көпшілік назарына ұсынылды. Оның қатарында теміржол бекеттерінің арасында үздіксіз байланысты қамтамасыз етуге арналған құрылғылар, рельс бойындағы кем-кетікті анықтауға, апаттың алдын алуға бағытталған квадрокоптерлер де бар. Көрмеде жол саласының қызметкерлерін дайындайтын виртуалды ойын түрі де көрсетілді. Жол активтері жол сапасының ұлттық орталығы цифрландыру бөлімінің мамандары әзірлеп шыққан жоба арқылы студенттер теорияны тәжірибеге алмастырып, біліктілігін шыңдай алады.
«Бүгін екі жобамызды көрмеге әкеліп отырмыз. Соның бірі – виртуалды зертхана. Ойын түрінде жасалған бағдарламада 200-ден аса тапсырма бар. Оның әрқайсын орындауға шамамен 15 минуттай уақыт беріледі. Студенттер сол жүктемелерді орындау арқылы, онлайн түрде тәжірибе жасап, сынамаларды зерттеп, саладағы қабілетін шыңдай алады», - деді Жол активтері сапасының ұлттық орталығы цифрландыру бөлімінің бас маманы Кирилл Гриненко.
Оқи отырыңыз: Өзге жүргізушілермен тең жазаланады: мопед иелері көлігін тіркеуге міндеттелді