Мерекелік іс-шара екі күнге жоспарланған
Биыл Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 90 жыл толды. Әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбановтың бастамасымен құрылған өнер ұжымы мерейтойды шерумен бастап, «Інжу-Маржан» концерттік бағдарламасымен жалғастырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оған еліміздің өнер майталмандары, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің қайраткерлері қатысты. Кеште күйші Секен Тұрысбеков, Нұржамал Үсенбаева, Айгүл Үлкенбаева, Талғат Күзембаев бастаған Қазақстанның халық әртістері өнер көрсетті.
«90 жылдық мерейтойды атап өту барысында әйгілі шығармалар, күйлер орындалып, Құрманғазы оркестрімен бірге музыка майталмандары, халық әртістері өнер көрсетеді. Тыңғылықты дайындықтар өтті», - деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев.
Мерекелік іс-шара екі күнге жоспарланған. Қорытынды кеш «Дирижерлар шеруі» фестивалімен аяқталады. Ал 90 жылдықтың аясында оркестрдің жеке концертін Түрікменстан мемлекетінде де өткізу жоспарланыпты.
Еске салайық, бүгінде өнер ұжымының репертуарында шетелдік және отандық 4000-нан астам туынды бар.
«Құрманғазы оркестрінің атақты екенін жұрттың бәрі біледі. Кеңес Одағы кезінде Мәскеуде музыкалық ұжымдар байқауында 4 рет 1-дәрежелі дипломды жеңіп алған болатын. Сондай-ақ 1953 жылы Бухарест қаласында өткен жастар мен студенттердің Бүкіл дүниежүзілік фестивалінің жеңімпазы атанып, алтын медальға ие болды», - деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ардагері Өтепберген Хамзин.
Оқи отырыңыз: Жол сапасы, көліктегі қауіпсіздік және тың технология: Еуразиялық форумда не айтылды