Жолаушылар пойызы жүк көлігімен соқтығысып, бір адам ажал құшты

06.11.2025 13:47

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу жүріп жатыр

Қызылорда облысында жолаушылар пойызы жүк көлігімен соқтығысып, салдарынан бір адам ажал құшты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқиға Шиелі ауданына қарасты Тартоғай ауылындағы темір жол өткелінде болған. «КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісі ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілгенімен оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Полиция абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүрісі немесе көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу жүріп жатыр.

 «Алдын ала мәлімет бойынша, «КамАЗ» автокөлік жүргізушісі қозғалыстың қауіпсіздігіне көз жеткізбестен және жол қозғалысы ережелерін бұзып, Тартоғай стансасындағы қараусыз теміржол өткелінде «Маңғыстау-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызымен соқтығысты. Салдарынан автокөлік жүргізушісі медициналық мекемеде көз жұмды», – деді ПД Анықтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рахымжан Сұлтанқұлов.

Оқи отырыңыз: Сабақта смартфон пайдаланған оқушының ата-анасына айыппұл салынады