Жолдастарыммен іштім: жас қызға шабуыл жасаған күдікті ұсталды

23.05.2025 15:57

Сағат 02:00 шамасында жұмыстан оралған қызды бейтаныс азамат сүйреп әкеткен

Сәтбаев қаласында ер адам үйіне кіріп келе жатқан жас қызға шабуыл жасаған. Бұл кадрлар дәліздегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сағат 02:00 шамасында жұмыстан оралған қызды бейтаныс азамат сүйреп әкеткен.  Абырой болғанда, бойжеткен батылдық танытып, өзгелерді көмекке шақырған. Оның жанұшыра айқайлағанын естіген көршілер дер кезінде көмекке жетіп, күдіктінің арам пиғылын жүзеге асыруына жол бермеді. Азамат оқиға орнынан бой тасалағанымен, көп ұзамай құқық қорғау органдары оның жеке басын анықтаған.

«Әйел адамға шабуыл жасау фактісі бойынша Сәтбаев қаласы Полиция бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында күдіктіні анықтап ұстады. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу әрекеті жүргізілуде», – деді ПД Криминалдық полиция бөлімінің бастығы Асқар Дюсебаев.

Айта кетейік, жергілікті полиция департаментінің мәліметінше, күдікті мен жәбірленуші арасында бетпе-бет кездесу өткізілген. Тергеу барысында ер адам өз ісін мойындаған.

 «Түнде шамалы жолдас балалармен ішкенбіз. Кредитке шамалы ақша жетпей тұрды. Подъездге кіргенде шамалы қылқындырдым. Төмен түскенде құладық, қыз айқайлағанда, шығып кеттім», – деді күдікті.

Оқи отырыңыз: Шерзаттың ісі: Думан Ысқақ тергеу кезінде айтқан сөзінен бас тартты