Жолдауда айтылған мәселе: Мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама әзірлеу қажет

100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жасанды интеллектімен жұмыс істеу қабілетін қалыптастыру мектеп қабырғасынан қолға алынуы тиіс». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осылай деді. Президент аталған саланың қыр-сырын білетін мамандарға сұраныс жыл сайын артып келетінін тілге тиек етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі осындай. Айтуынша, ұстаздардың жасанды жады технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру маңызды. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған. Сондай-ақ Президент «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ошақтарына назар аударды.

«217 «Келешек мектептерінің» 150 білім ордасының құрылысы аяқталды. Жылдың соңына дейін қалғаны да бітуі керек. «Келешек мектептерінің» ішінде, жалпы мектептерде жасанды интеллект бойынша көп жұмыс жасауды тапсырды. Аз қамтылған мектептердегі материалдық-техникалық базаның олқылығын орнына келтіру үшін шалғай мектептерде «Qazaq Digital Mektebiн» құруды тапсырды», – деді қалалық мәслихат депутаты Әкім Тұрсын.

Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласындағы түйткілді мәселелерді де сөз етті. Президенттің айтуынша, кәсіби кадрлар тапшы, сондықтан аталған бағытта бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы. Мемлекет басшысы шілде айында елдегі туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бергенін тілге тиек етіп, бұл шаруа жеке бақылауында екенін баса айтты. «Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды» деп атап өтті.

«Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады. Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады», – деді Мемлекеьт басшысы.

Президент Алматы қаласы мен облыстағы тау туризміне арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу екенін айтты.  Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ дегенді алға тартты.

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Жолдауда айтылған мәселе: Алматыда мәслихат депутаттары электрсамокаттардың қозғалысын қалай реттейді

Новости партнеров