Жолдың ені 3 метр: Маңғыстаудағы ауыл тұрғындары медігер жұмысына сын айтты

02.10.2024 17:16

Аудан әкімінің орынбасары бекітілген жоспарға өзгеріс енгізбейтінін жеткізді

Маңғыстаудағы Атамекен ауылының тұрғындары 20 жылдан кейін салынып жатқан жолға көңілі толмайтынын айтып шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атамекен ауылындағы 12 көшеге ауылішілік жол төселіп жатыр. Әзірге үш көшеде жұмыс аяқталды. Екі көшенің асфальті кең болғанымен, жол тар, ені 3-ақ метр.

"Бір көшеге 3 метрлік асфальт төселген. «Бір жақ бағытқа ғана қозғалыс болады» дейді, халыққа ыңғайсыз емес пе?" – деді Атамекен ауылының тұрғыны Хайрулла Ибаев.

Әкім халықты жинап, ақсақалдар алқасымен ақылдасып, жобаны көрсетпейді? Өз білгенін жасайды", – деді Атамекен ауылының тұрғыны Райхан Мурзаева.

Ал мердігер мекеменің өкілі жоба бойынша жұмыс істеп келе жатқанын алға тартты. Олар тек қолына берілген сызбамен жол төсеп беруден әрі аса алмайтын көрінеді. Мәселенің мәнін анықтауда мердігерден еш опа болмайтынын білген көпшілік көп ұзамай Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасарымен кездесті. Бірақ жергілікті билік өкілі де "жоспарды өзгерте алмаймыз" дегеннен әрі аспады.

"Саяжай болған, газ құбырлары үйдің қоршауына жақын орналасқан. Ол 1,5 метр қашықтық саөтау керек. Электр желісі орнын есептеп, шығарған жоба.  Жолды 5-6 метр кеңейтуге болады, бірақ ол мемлекеттік сараптамадан өтпейді. Екі жақты бағыттағы қозғалыс үшін 8 -9 метр болуы керек", – деді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Мұстапаев.

Аудан әкімінің орынбасары бекітілген жоспарға өзгеріс енгізбейтінін кесіп айтты. Бірақ көпшілікті алаңдатып тұрған ені 3 метрлік жолдардың қос қапталына жарты метрден қатқыл табанды құм төселетін болды. Бұл өз кезегінде екі көліктің де қатар жүруіне мүмкіндік бермек. 

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті