Алматыда теннистен өтетін дүбірлі доданың дайындығы қалай жүргізілуде

02.10.2024 в 17:28

13 қазанда басталатын халықаралық сайысқа әлемнің үздік теннисшілері қатысады

Алматыда теннистен өтетін дүбірлі додаға екі аптадан аз уақыт қалды. ATP 250 турнирі мегаполисте алғаш рет ұйымдастырылғалы отыр. 13 қазанда басталатын халықаралық сайысқа әлемнің үздік теннисшілері қатысады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Алматының жас теннисшілері жаттығатын алаң. Мұндай орталықтарда тәлім алатын мыңнан астам спортшы мегаполисте өтетін ATP 250 турнирін асыға күтіп жүр. Өйткені олар Теннис федерациясының қолдауымен әлем үздіктерінің тартысын тамашалауға мүмкіндік алды.

"Менің тенниспен айналысқаныма 9 жыл болды, бұл спорт түріне әкем әкелді.  Қызының үздік теннисші болғанын армандады. Ал мен әлемдегі кәсіби теннисшілердің ойынын, Әмір Омархановтың тартысын тамашалағым келеді", – деді теннисші Медина Өтепберген.

Жас теннисшілер жасөспірімдер чемпионатына дайындалып, ATP турнирін күтіп жүрсе, дүбірлі дода өтетін Almaty Arena спорт кешенінде қызу дайындық жүріп жатыр. Жаһанға жақсы ойынымен танылған спортшыларға жаттығатын алаңдар әзірленіп жатыр. Қазір оның үшеуі дайын. Ал ұйымдастыру жұмыстарына 500-ге жуық адам жұмылдырылған.

" Жаттығу алаңдары  қолайлы температура, жарықтандыру халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталады. Сондай-ақ спорт кешенінің барлық секторында балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық аймақтары бар", – деді турнир директорының орынбасары Дархан Жанмұхамбетов.

 Турнир ұйымдастырушыларының айтуынша, ойын-сауық аймақтарына азаматтар тегін кіре алады. Ал сайысты тамашалау үшін билет құны 3 мың теңгеден басталады. Ойын кестесі де дайын. Оны almatyopen.kz сайтынан көруге болады.

Айта кетейік, Almaty Arena спорт кешенінде өтетін байрақты бәсекені барып тамашалай алмасаңыз, дүбірлі доданың ұмытылмас сәттерін «Алматы» телеарнасынан көре аласыз. Телеарна 25 жылдық мерейтойы аясында халақаралық сайысқа ақпараттық қолдау көрсетпек.

Гүлмарал Изатқызы, Владислав Иващенко, Сағынгали Мұңайтпасов

Оқи отырыңыз: Auyl sport: елімізде ауқымды жоба басталады