ЖРВИ: Алматыда 250 мыңнан астам адамға екпе егілді

11.11.2025 19:31

Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда науқас өз бетінше емделмей, кәсіби медициналық көмекке жүгіну қажет

Елімізде жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар саны артты. Соңғы бір аптада 150 мыңнан аса адам індетке шалдыққан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мамандардың сөзінше, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға көп. Ал А типті тұмаудың 304 жағдайы тіркелген. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері «бұл – жылда болатын қалыпты жағдай» дейді. Сәйкесінше, аурудың алдын-алу шаралары да жүргізіліп жатқанын айтты. Ол үшін тұмауға қарсы вакцинаның 2,1 миллион дозасы сатып алынып, 1 миллион 900 мың адамға салыныпты.

«Бүгінгі таңда вакциналау науқаны жалғасуда. Азаматтар екпені тіркелген жері бойынша емханаларда, сондай-ақ жеке медициналық орталықтарда ақылы негізде салдыруына болады. Ал тегін вакцинацияны медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетімдер, мүгедектер, жүкті әйелдер, 65 жастан асқан қарттар және созылмалы аурулары бар қазақстандықтар алады», – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті инфекциялық ауруларды бақылау басқармасының басшысы Айгүл Қатренова 

Ал Алматыда ЖРВИ, тұмау ауруларының 19 288 жағдайы тіркелген. Оның 11 мыңнан астамы балалар. Мамандар мұны күннің суытуымен байланыстырады.

«Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда з бетінше емделмей, кәсіби медициналық көмекке жүгіну қажет. Яғни вакцина алу қажет. Биыл тұмауға қарсы 250 мың доза көлемінде вакцина сатып алынып, 253 мың 795 адамға егілді», – деді қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Оқи отырыңыз: Депрессияға ұшыраған қызметкерлер екі ай жұмыстан босатылады