Жүлдеге таласқан: көкпарда жүргізуші көлігімен атты адамдарды қағып кетті

04.11.2025 14:24

Көкпарда жүргізуші көлігімен алаңға кіріп, атты адамдарды қағып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген. Жағдайға қатысты облыстық полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиға Шиелі ауданындағы Алғабас ауылында болған. Алдын ала дерек бойынша жанжал жүлдеге таластан басталған көрінеді.

Айта кетейік, жеке кәсіпкер ұйымдастырған көкпарға 1 миллион теңге қаржылай сыйақы мен автокөлік тігілген. Кез келген спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізген кезде ұйымдастырушылар уәкілетті органдарды алдын ала хабардар етуі қажет. Алайда көкпар болатыны жайлы ескертілмепті.

«Ойын барысында 102 арнасына ешқандай хабарлама түспеген. Қазіргі уақытта бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автокөлік жүргізушісі анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында оқиғаға қатысқан барлық тұлғалардың, соның ішінде іс-шараны ұйымдастырушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – деді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ермахан Абдраманов.

Оқи отырыңыз: Қостанай облысында 86 адамның неден уланғаны белгілі болды