Жұмыс орнына барып пышақтаған: Ақмола облысында ер адам бұрынғы әйелін өлтірмек болған

06.11.2025 19:12

Сот-медициналық сараптама оның есірткіге тәуелді екенін және емді қажет ететінін көрсетті

Аlmaty.tv

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы зайыбын өлтіруге оқталды деп айыпталған ер адамға қатысты үкім шығарды. Ол Қазақстан Қылмыстық кодексінің 24-бабының 1-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Тергеу материалдарына сәйкес, ер адам ас үй пышағын алып, бұрынғы жұбайының жұмыс орнына барған.

«Әңгіме барысында жанжал туындап, күдікті әйелді бірнеше рет пышақтаған. Жәбірленушінің денесінен барлығы 9 пышақ жарақаты анықталды. Оқиға куәгерлердің көмегімен ер адам оқиға орнында ұсталып, полицияға тапсырылған», - делінген хабарламада.

Сот-медициналық сараптама оның есірткіге тәуелді екенін және емді қажет ететінін көрсетті.

Сотта ол қасақана кісі өлтіруге ниеті болмағанын айтқанымен, судья оның әрекетін аса ауыр қылмыс деп бағалады. Нәтижесінде сот ер адамға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен бірге жәбірленушінің емделу шығындарын өтеу туралы азаматтық талап қанағаттандырылды және сотталушыға жазасын өтеу кезінде есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі ем белгіленді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Күзетші әйелге қол көтерген курьер іздестіріліп жатыр