Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында мәлім болды
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Наурыз» және «Отау» тұрғын үй бағдарламаларына бюджеттен 220 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, 5 мыңнан астам жас жаңа пәтерге ие болған. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үкімет үйінде өткен баспасөз жиыны Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың баяндамасымен басталды. Вице-премьер өз сөзінде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Биыл жұмысшы жастарды қолдау мақсатында жаңа «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының іске қосылғаны елге мәлім. Бұл бастама еңбек ететін жастардың баспаналы болуына немесе кәсіп ашуына жол ашады. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек мәселесі де қарастырылды. Қазіргі таңда 245 мың адамға 16 млрд теңге көлемінде арнайы көмек тағайындалған.
«Еліміздегі орташа жалақы мөлшері өсіп, қазіргі таңда 423 мың теңгені құрайды. Ал ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі 600 мың азаматтық еңбекақысының өсуіне ықпал етті. Жарты жылдың қорытындысы бойынша 200 мың адам жұмыспен қамтылды. Бұл бағытта цифрлық платформа енгізілуде. Негізгі мақсат нақты көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау. Бұл – мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев.
Жиында барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұған дейін лицензиясыз жұмыс істеген 66 мектептің тек 18-і қалғанын айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдайларды ендігіде болдырмау үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Министр аталған мәселеге басты себеп ретінде уақыттың тапшылығын атады.
«Жыл сайын 200-ден аса мектепті іске қосып отырмыз. Сондықтан кейбір жағдайда жергілікті әкімдіктер немесе жеке меншік мектептер лицензияны алуға үлгермей жатыр. Заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіп, лицензия алмас бұрын мектептердің дайындықтан өту мәселесіне бағыттайық деп отырмыз», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Брифингте мектеп мәзіріне өзгеріс енетіні мәлім болды. Яғни, қанты көп зиянды тағамдар азайып, дәруменге бай көкөністер қатарға қосылмақ. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 1,7 миллион оқушы мектепте тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оның 99 мыңнан астамы әлеуметтік осал топтардан шыққан балалар. Бұл мақсатқа бюджеттен 18,4 млрд теңге бөлінген.
Оқи отырыңыз: Балақайлар мектебі: бірінші сыныпқа баратын 90 мыңға жуық бала даярлық курстарынан өтеді