Оқу ошағына мәжілісменмен қатар, қалалық мәслихат депутаттары да келді.
"Елімізде жұмысшы мамандар тапшы". Бүгін Алматы экономикалық колледжінің ұжымымен кездескен Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау осылай деді. Оқу орны 3 бағыт бойынша маман даярлайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының орталығында орналасқан оқу орнының ұжымы бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Таумен кездесті. "Жұмысшы мамандықтары жылы" тақырыбына арналған басқосуда мәжілісмен ұстаздармен тілдесті. Депутаттың сөзінше, Мемлекет басшысының бұл бастамасы қарапайым жұмысшыларға шабыт беріп, істің ілгерілеуіне сеп болады.
"Осы алдағы жыл бір жақсы, игілікті жыл болады деген ойдамын. Өйткені нағыз жұмысшы мамандарының қадірін білетін, олардың еңбегін бағалайтын жыл келе жатыр. Сондықтан үлкен жоспарлар бар. Министрлік тарапынан жақсы жол карталары жасалынды. Осы бір игілік істі бастап кетіп, жылдың соңында керемет бір нәтиже көрсетеді деген ойдамын", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау.
Оқу ошағына мәжілісменмен қатар, қалалық мәслихат депутаттары да келді. Қонақтар алдымен пікір алмасып, артынша жас аспаздардың жұмысымен танысты. Олардың айтуынша, қоғамдағы еңбек адамының мерейін өсіріп, ынталандыру үшін осы жылы біраз шаруа атқарылуы тиіс.
"Жұмысшылар жылы" деп атап өтіп, акцент бергенді мен өте құптадым. Президенттің айтуымен ғана емес, айтылмай қалған уақыттарда да көп көңіл бөлу керек. Еңбек адамдары біздің халқымыздың кірісінің артуына, осы өндірістің ары қарай жақсы дамуына еңбек адамдары қажет"–деді қалалық мәслихат депутаты Жайнарбай Жалынбек.
Халық қалаулылары жұмыс сапарымен барған Алматы экономикалық колледжі 3 бағыт бойынша маман даярлайды. Онда болашақ қаржы саласының қызметкерлері, технологтар мен IT мамандары білім алады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жақсы бастама бастады. Себебі шын мәнінде экономиканың тартушы күші - жұмысшылар. Сондықтан жұмысшылардың шын мәнінде мәртебесін көтеріп, ол мамандықтардың маңызын, жастардың алдында беделін көтереміз", – деді Алматы экономикалық колледжінің директоры Жақсыбай Қасымбек.
Айта кетейін, Мемлекет басшысы осы жылды "Жұмысшы мамандықтары жылы" деп жариялаған. Жақында берген сұхбатында да ел Президенті "Еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек" деді.
Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Шымкенттегі шұлық бұйымдарын өндірумен айналысатын кәсіпорында маман тапшы