Еңбек адамы: Жұмысыммен мақтанамын - ұшақ жуушы

11.08.2025 16:26

Нұрзейнеп Пірманова тазалықты кәсібінің ғана емес, өмірлік қағидасының бір бөлігі санайды

Ел ішінде елеусіз жүріп, көп үшін ерен еңбек ететін жандар бар. Олар теледидардан сөйлемейді, мінберден көрінбейді. Десе де, сол үнсіз қызметпен бүтін бір жүйе, тұтас бір сала тыныстап тұрады.

Almaty.tv тілшісі жылдар бойы көктегі кемелерге жерден қанат бітіріп жүрген жанмен тілдесті.

Ұшақ жуушу. Бұл атау қарапайым естілгенімен, оның астарында терең жауапкершілік жатыр. Нұрзейнеп Пірманова бұл істі қасиет санайды. 40 жыл ішінде ол мыңдаған әуе кемесін жуып, әр ұшақты көкке ұшуға дайындап келеді. Адал еңбек адамы тазалықты кәсібінің ғана емес, өмірлік қағидасының бір бөлігі санайды.

«Отыз екі жылдан асып жатыр жуушы болып істеп жатқаныма. Оның ішінде қадағалаушы болып істедім. Отбасылық жағдайыма байланысты ұшақ жуушы болып істеп жатырмын. Мен жұмысымды құрмет тұтамын, мақтанып та айта аламын. Жуушы болсам да, мамандығымды жақсы көремін», – деді «Шымкент әуежайы» АҚ ұшу аппараттарын жуушы Нұрзейнеп Пірманова.

Әр ұшақтың артында көзге көрінбейтін, бірақ аса жауапты еңбек тұрады. Нұрзейнеп апайдың маңдай тері мен табандылығы жуырда лайық бағасын алғанын айтпай кетуге болмас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін алу — тек марапат емес, ең алдымен елдің алғысы, құрметі мен риясыз ризашылығы.

«Марапат алу –  құрмет, мәртебе. Әр адам марапат ала бермейді ғой, қуанышты болдым. Біздің аэропорттың, ұжымның еңбегі деп ойлаймын», – деді Нұрзейнеп Пірманова.

Нұрзейнеп Пірманованың жалғыз еместігін айта кеткен жөн. Авиация саласының тынысын бірге қалыптастырып келе жатқан Инагамжан Мавланов – «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін алған санаулы адамдардың бірі. Бұл қос азамат – көк тіреген жүйенің жердегі алтын арқауы десек, артық айтқанымыз емес.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Қазақстанда Абай есімді қанша адам бар