Көшеде жөндеу жұмыстарының басталғанына үш жылдың жүзі болған
Түркі дүниесінің жауһары саналатын Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апарар жол жарамсыз. Ойдым-ойдым көше әсіресе, Отырар ауданынан келетін азаматтарды әбігерге салған. «Облыс орталығы болғанымызға алты жылдан асса да, тартар азап азаймады» деген сол маңдағы ағайын қазір қара жолда аяқ алып жүрудің қиындағанын айтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Арыстан баб кесенесіне түнеп, Қожа Ахметтен тілеу үшін жолға шыққан турист осы көшеден өтеді. Қазіргі сыйқы осы. Тұрғындардың сөзінше, айнала жазда шаңға, ал көкте-күзде ми батпаққа айналып, жұрт жаяу жүруден қалады. Ондайда адам құлап, көлік бұзылып, бұқарадан береке кететін көрінеді.
Әшірбек Рахманбердиев – Майшай Әбенова көшесінің байырғы тұрғыны. Ақсақал бұл жолмен немерелерін мектепке жіберуге қорқамын дейді. Сондықтан амал қылып, балаларын осындай үш дөңгелекті көлікпен тасып жүр.
«Жетінші рет қазып жатыр. Көміп, істемей кетті. Өткенде ойып жатты. Бұл жол қашан бітеді? Білмеймін», - дейді қала тұрғыны Әшірбек Рахманбердиев.
Тұрғындардың сөзінше, көшеде жөндеу жұмыстарының басталғанына үш жылдың жүзі болған. Оған дейін бұл маңнан туристер көп өтетін еді. Ал қазір ойдым-ойдым жолды көріп, ағайын алыстан айналып кетеді екен. Жауаптылар болса, жұмыстың кешеуілдеуіне қаржының уақытылы бөлінбеуі себеп дейді.
«Әбенова көшесінің бойымен кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары 2022 жылы қарашада келісімшарт болған. Мердігер мекеме қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын жүргізіп, қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жерде кәріз жүйесі қаралған», - деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұркен Нақбаев.
Осылайша, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы қазанда мәселе шешіледі деп уәде етті. Жалпы, бұл мақсатта 2022 жылы 500 мың теңге, 2023 жылы 380 млн теңге қаражат бөлініпті. Ал тұрғындар жауын-шашын түспей тұрып, жолымыз түзелсе деп отыр.
Нұркен Әкімхан, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан