Алматыда Мүсірепов театрының жаңа маусымы ашылды

19.09.2024 21:19

Шілденің соңына дейін тоқтаусыз жұмыс істеген театр  көрерменмен қайта қауышып жатыр

Аlmaty.tv

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 79-шы маусымын ашты. Мөлдір өнердің мерейін асқақтатып келе жатқан өнер ордасы өз жұмысын «Ұлпан» қойылымымен бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.    

Өткен маусымда жаздың ыстығына қарамастан, шілденің соңына дейін тоқтаусыз жұмыс істеген театр  көрерменмен қайта қауышып жатыр. Мұнда маусымның ашылуы театр ғимаратының алдында салтанатты мерекелік кешпен бастау алды. Онда мәдениет ошағының әртістері қызыл кілемде жүріп өтіп, көрермен қошеметіне ие болды.

Сондай-ақ өнер ордасында Ғабит Мүсіреповтің музей-үйіндегі бұйымдар қойылған көрме де ашылды. Бұл жерде белгілі жазушының қолы тиген, жеке өзі пайдаланған заттары, киімдері экспонат ретінде қойылған. Ал жаңа маусымды көпшіліктің сүйікті қойылымына айналған, Ғабит Мүсіреповтың қаламынан туған «Ұлпанмен» бастаған мәдениет ошағының өзі театрсүйер қауымға ерекше жаңалықтар ұсынбақ.

«Келер жылы бізде 80-маусым болады. Оған дайындықты қазірден бастап кеттік. Биыл театрымыз үшін жақсы жаңалықтар көп. Шетелдік, түркі тілдес режиссерлермен келіссөз жүргізіліп жатыр», - деді Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Фархад Молдағали.

«Әрдайым премьера шыққан сайын қойылымдардан қалмауға тырысамыз. 79-маусымның ашылуына ерте билет алдық. Аншлаг болады. 1-2 ай бұрын алып қойғанбыз. Көптен күткен қойылымдарымыздың бірі», - дейді көрермен Кәмилә Аманова.

Көрермен қошеметімен қанаттанып, шабыт алатын өнер ордасы өткен маусымда еліміздегі ең көп көрермен келген театр мәртебесіне ие болған еді. Биыл да сол дәрежені сақтап қалуға ниетті. Жаңа маусымда да жаңа тұсаукесерлермен қатар қалың көпшіліктің сұранысына ие болған спектакльдер кестеге сай сахналануын жалғастыра бермек.