Жыл басынан бері адам саудасына қатысты 285 іс тіркелді

30.07.2025 11:17

Бұл — Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында көрсетілген мәлімет

Mitchel Lensink/unsplash.com

Бүгін — Дүниежүзілік адам саудасымен күрес күні. Елімізде жыл басынан бері адам саудасына қатысты 285 қылмыстық іс тіркелген. Оның 28-і кәмелет жасына толмаған балаларға байланысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

 Ал былтыр дәл осындай 445 іс қозғалған. Бұл — Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында көрсетілген мәлімет.

"Қылмыстық кодексте адам саудасына байланысты қылмыс үшін жауапкершілік 8-бапта көзделген (116-бап, 125-бап 3-бөлім 2-тармақ; 126-бап 3-бөлім 2-тармақ; 128, 134, 135, 308, 309). Осы баптар бойынша қылмыскердің мүлкі тәркіленеді, ең жоғарғы жаза — 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Мұндай жаза өте қатал және басқа ауыр қылмыс үшін көзделген жазамен сәйкес келеді", — дейді ІІМ мамандары .

Мамандар бұл қылмыс, ең алдымен қандай адамдарды нысанаға алатынын айтты.

"Тәжірибе көрсеткендей, халықтың әлеуметтік осал топтары: жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдар, жұмыссыздар, үйсіздер, мүмкіндігі шектеулі жандар, заңсыз мигранттар — адам саудасының жиі құрбанына айналады", — дейді олар.

Мұндай жағдайларға тап болуға ықпал ететін факторлар:

• ақпараттың жеткіліксіздігі

• құқықтық сауаттылықтың төмендігі

• арзан жұмыс күшіне сұраныс

• интернеттің әсері

• жеңіл ақша табуға және «әдемі өмір сүруге» ұмтылу

• сондай-ақ шетелдіктердің заңсыз мәртебесі және басқа да себептер.

Адам саудасының құрбандарына мемлекеттік бюджет есебінен көмек көрсетіледі.

"Зардап шеккендерге 8 түрлі қызмет ұсынылады: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық көмек. Осындай қызметтер қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағанына қарамастан көрсетіледі. Бұдан бөлек, адам саудасының құрбаны азаматтық заңнама шеңберінде материалдық және моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқылы. Бұл туралы оны сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатқан тұлға міндетті түрде хабардар етеді", — делінген жауапта.

Оқи отырыңыз: Астана – Бурабай бағытында тағы бір қосымша электр пойызы қатынайтын болды